Блогер Құралай Болатова (Instagram-да 13 мың жазылушысы бар) Ыстамбұлға арналған жарнамалық турға қатысты туындаған жанжалдан кейін шабуыл құрбаны болғанын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Атырау тудей басылымына сілтеме жасап.
Айтуынша, ол тур ұйымдастырушысы Айдана Ақмұрзиеваға алдын ала төлем ретінде 100 мың теңге аударған. Басылым кейін блогердің ұсынысымен басқа жазылушылар да ақша жібергенін жазады. Алайда тур өтпей қалған, ал Құралай қаражатын қайтаруды сұрағанда — оған қоқан-лоққы жасалған.
3 қазан күні кешке Ақмұрзиева мен оның құрбысы Ақбота Нұғманова блогермен «сөйлесейік» деген сылтаумен кездесіп, оны қала сыртына — зиратқа апарған. Сол жерде олар Құралайды ұрып, қорлаған.
«Мені алдап, ұрып, қорлады. Мен үнсіз қала алмаймын — кінәлілер жазасын алсын. Заң бәріне бірдей болуы керек», — деп жазды Құралай Болатова Instagram парақшасында.
Жәбірленушінің айтуынша, шабуыл жасағандардың бірі «Дәлелдеудің қажеті жоқ, туыстарымның арасында прокуратура қызметкері бар» деп айтқан. Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Аталған оқиға бойынша орташа ауырлықтағы денсаулыққа зиян келтіру бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама тағайындалған.