Ерекше

ҰБТ форматы 2027 жылдан бастап өзгереді – вице-министр

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова елдегі жоғары оқу орындарына түсуге арналған негізгі құрал – Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) трансформациялау қалай жүзеге асатынын айтып берді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап. 

Вице-министр ҰБТ қазіргі қолданыстағы форматта, ешқандай өзгеріссіз өткізіле беретінін алға тартты.

Біз америкалық ETS компаниясымен бірлесіп, тестілеу форматын жетілдіру бағытында жұмысты бастап кеттік. Трансформация кезең-кезеңімен жүзеге асады. Нақты айтсақ, 2027 жылдан бастап пилоттық режимде енгізіледі, ал 2029 жылға дейін ауқымды түрде кеңейту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта формат сол күйінде қалады, – деді Гүлзат Көбенова Мәжіліс кулуарында.

Бұған дейін Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді жаңғырту жұмыстары басталатыны хабарланған болатын. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, ҰБТ-ның жаңартылған форматы талапкерлердің тек академиялық білімін ғана емес, кәсіби қызметте табысты болу үшін қажет негізгі дағдыларын да бағалауға бағытталады.

 

Back to top button