Туристердің өміріне қатер: министр курорттардағы ахуалды ашық айтты
Қазақстандағы курорттық аймақтардың басым бөлігінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны, санитарлық тораптар мен базалық инфрақұрылым жоқ. Бұл олқылықтар туристердің қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіріп отыр, деп мәлімдеді туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов үкімет отырысында айтты.
Министрдің сөзінше, Қазақстандағы басым туристік аумақтардың көпшілігі бүгінгі күні ең қарапайым инфрақұрылыммен де қамтамасыз етілмеген. Қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың жоқтығы, жағажайлардың жабдықталмауы, санитарлық-гигиеналық тораптардың істемеуі — жүйелі проблемаға айналған.
Ербол Мырзабосынов бұл мәселелерді үкімет отырысында ашық көтеріп, басым туристік аумақтардағы инфрақұрылымдық жобаларды жалпыұлттық маңызы бар объектілер деңгейіне теңестіруді ұсынды. Оның айтуынша, тиісті түзетулер қазір сенатта қаралып жатыр, сондай-ақ ұлттық экономика министрлігіне өз қағидаларына өзгеріс енгізу қажеттігі туындаған.
Министр өңірлердің есептері мен нақты жағдайдың бір-біріне сай келмейтінін де атап өтті. Аймақтар 60 санитарлық-гигиеналық торап орнатылғанын хабарлағанымен, қайта тексеру барысында олардың көпшілігі жабық немесе инженерлік желілерге қосылмағаны анықталған.
«Кейбір курорттық аймақтарда дәретхана да, қоқыс контейнері де жоқ. Жағажайлар жабдықталмаған, аймақтарға бөлінбеген, бұл жағдай барлық өңірге тән. Мұндай олқылықтар туризмді дамытуға ғана емес, адамдардың қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді», – дейді ол.
Сондай-ақ министр бақылау жұмысының төмен деңгейде екенін айтты. Инспекторлық топтардың жетіспеуі салдарынан кей облыстарда бүкіл акваторияны көлік инспекциясының бір ғана қызметкері қадағалайды. Нәтижесінде қайықтарды куәліксіз және құтқару құралдарынсыз пайдалану, құтқару мұнаралары мен медициналық пункттердің болмауы сияқты заңбұзушылықтар тіркелген. Министрдің айтуынша, су көлігінің қызметі толық реттелмеген, ал қауіпсіздік талаптары сақталмай отыр. Осының салдарынан, өткен туристік маусымда демалушылардың өмірі мен денсаулығына қатер төндірген жазатайым оқиғалар мен төтенше жағдайлар орын алған. Бұл мәселе, ведомствоаралық деңгейде шұғыл шешім қабылдауды талап етеді.
Министрлік басым туристік аумақтардағы инфрақұрылымды күшейтпейінше, ішкі туризмнің сапалы дамуы мүмкін емес екенін атап өтті. Үкіметке ұсынылған шаралар қабылданбаса, алдағы маусымда да жағдайдың қайталану қаупі жоғары.