Түркия мұнайды Ресейден гөрі Қазақстаннан көбірек сатып ала бастады

АҚШ-тың Ресейге қарсы жаңа санкцияларына жауап ретінде ресейлік мұнайды алып келген түрік мұнай өңдеу зауыттары енді шикізатты Ирак пен Қазақстаннан жиірек сатып ала бастаған. Бұл туралы Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлайды.
АҚШ-тың Ресейге қарсы жаңа санкцияларына жауап ретінде ресейлік мұнаймен жұмыс істеп келген Түркияның мұнай өңдеу зауыттары енді Ирак пен Қазақстаннан мұнайды жиірек сатып алып отыр. Бұл туралы Reuters агенттігі өз дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады. Reuters дерегінше, Түркиядағы мұнай өңдеу зауыттары АҚШ, Еуроодақ және Ұлыбритания Мәскеудің Украинадағы соғысты жалғастырғаны үшін Ресейдің мұнай секторына санкция салғаннан кейін балама шикізат көздеріне бет бұрған.
Әзербайжандық SOCAR компаниясына тиесілі SOCAR Turkey Aegean Refinery зауыты жақында Ирак, Қазақстан және өзге де ресейлік емес өндірушілерден төрт партия мұнай сатып алған. Мұнай желтоқсан айында жеткізілмек.
Tupras компаниясы да ресейлік емес, оның ішінде Urals маркасына ұқсас ирактық мұнай түрлерін көбірек импорттап жатыр. Агенттік сұхбат берген сарапшылардың айтуынша, Tupras алдағы уақытта зауыттарының бірінде ресейлік мұнайды толық алмастыруы мүмкін. Сонымен қатар, компания алғаш рет Бразилиядан мұнай алған, қарашаның басында Анголадан Mostarda маркалы мұнайдың екінші партиясын күтуде.
Түркия, Үндістан және Қытай — Ресей мұнайының басты сатып алушылары
Қараша айында Түркия тәулігіне 141 мың баррель ирак мұнайын импорттайды — бұл қазан айындағы 99 мың баррельмен және жылдық орташа 80 мың баррельмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Бұған дейін елдегі мұнай импортының шамамен жартысы, яғни тәулігіне 317 мың баррель, Ресейге тиесілі болған.
22 қазанда АҚШ президенті Дональд Трамп Кремльдің Украинадағы соғысты тоқтатудан бас тартқаны үшін «Роснефть» пен «Лукойл» және олардың 34 еншілес компаниясына санкция енгізді. АҚШ Қаржы министрлігі шектеулерге іліккен компаниялармен операцияларды аяқтауға бір ай уақыт берді.
Газ тасымалы артты
1 қарашада жарияланған ENTSOG деректері бойынша, қазан айында «Түрік ағыны» газ құбыры арқылы Еуропаға 17 403 ГВт*сағ газ жөнелтілді. Бұл — қыркүйек айымен салыстырғанда 8,7%-ға, ал өткен жылдың қазанымен салыстырғанда 13%-ға көп.
Жыл басынан бері осы бағытпен 152 мың ГВт*сағ газ жеткізілген — бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,5%-ға артық көрсеткіш.
Қазір «Түрік ағынының» еуропалық тармағы — Ресейден Еуропаға газ жеткізудің жалғыз бағыты болып отыр. Себебі «Солтүстік ағындардағы» жарылыстардан кейін, Украина және «Ямал–Еуропа» арқылы транзит тоқтаған. Ал «Көгілдір ағын» құбыры тек Түркияның ішкі нарығына жұмыс істейді.
Еуроодақ 2028 жылдың 1 қаңтарына дейін ресейлік газ импортының барлық түрінен бас тартуды, ал ресейлік сұйытылған табиғи газдан (СПГ) 2027 жылдың басына дейін толықтай бас тартуды жоспарлап отыр.