Без рубрикиГеосаясатЕрекше

Трамп Ресейге қарсы санкцияларды күшейту үшін ЕО-ға орындалмайтын шарт қойды

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейге қарсы санкцияларды қатаңдату мақсатында Еуропа Одағына іс жүзінде орындалуы қиын талап қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz The New York Times басылымына сілтеме жасап.

ҚЫТАЙ ТАУАРЫНА ДА САЛЫҚ САЛУҒА ШАҚЫРДЫ

Кеше Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде мәлімдеме жасап, егер НАТО-ға мүше барлық мемлекет Ресейге қарсы дәл сондай қатаң санкциялар енгізіп, одан бөлек, ресейлік мұнайды сатып алуды толық тоқтатса, онда өзі де Мәскеуге қарсы батыл шектеу шараларын қабылдауға дайын екенін айтты. Онымен қоса, АҚШ президенті Еуроодақты Қытайдан келетін тауарларға 50-ден 100 пайызға дейінгі ұжымдық кедендік баж салығын енгізуге шақырды.

«Бұл шарттың орындалуы іс жүзінде мүмкін емес екенін Трамп пен оның кеңесшілері жақсы біледі», – деп жазады The New York Times.

Басылым авторы Ресей мұнайының ең ірі екі тұтынушысы – Венгрия мен Түркия екенін еске салады. Айта кетерлігі, бұл елдер Трамптың өзі бірнеше рет оң көзқарас танытқан мемлекеттер қатарында.

Көптеген еуропалық ел ресейлік мұнай мен газ импортына айтарлықтай шектеу қойғанымен, кейбірі әлі де Мәскеуден келетін көгілдір отынға тәуелді. Алайда Трамп бұл жайында жақ ашпады.

Сонымен қатар, Axios порталының хабарлауынша, Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинге ықпал ете алу мүмкіндігіне өзі де сенімсіздікпен қарайды. Ал Reuters агенттігі G7 елдері Ресейдің бұғатталған активтерін Украинаға көмек ретінде пайдалану жөніндегі келіссөздерді жеделдетуге уағдаласқанын мәлімдеді.

Back to top button