
Қытай Халық Республикасынан келетін барлық импортқа қосымша тарифтер 1 қарашадан бастап күшіне енеді. Себебі – Қытайдың сауда саласындағы «өте агрессивті ұстанымы», деп мәлімдеді АҚШ президенті.
АҚШ билігі 1 қарашадан бастап Қытайдан келетін барлық импортқа, бұрыннан бар тарифтерге қоса, 100 пайыздық кедендік баж салығын енгізеді. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамптың 10 қазан, жұма күні Truth Social платформасында жарияланған мәлімдемесінде айтылған. Бұған қоса, Трамптың айтуынша, барлық стратегиялық маңызды бағдарламалық қамтамасыз ету түрлерінің экспортына шектеу енгізілмек.
Себеп – Қытайдың «өте агрессивті» ұстанымы
Қосымша баж салығын енгізу себебін Ақ үй басшысы Қытайдың сауда саласындағы «өте агрессивті ұстанымымен» түсіндірді. Дональд Трамптың сөзінше, Қытай билігі өзге мемлекеттерге 1 қарашадан бастап елде өндірілетін өнімдердің басым бөлігіне экспорттық шектеу қоятынын ескерткен.
«Бұл барлық елге, ешқандай ерекшеліксіз, әсер етеді… Бұл – халықаралық саудада бұрын-соңды болмаған жағдай», – деп жазды АҚШ президенті.
Қытай жағы әзірге Трамптың мәлімдемесіне қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.