Ерекше

Трамп өзінің 80 жылдығын Ақ үйде UFC турнирін өткізіп, тойлатқысы келеді

UFC турнирі тұңғыш рет Ақ үй аумағында өтетін болды, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

ТРАМП ПЕН УАЙТ ЖАҚЫН ДОС

АҚШ президенті мұны қазан айының 5-і күні Норфолк әскери-теңіз базасында (Вирджиния) сөйлеген сөзінде хабарлады. Жекпе-жектер 2026 жылдың 14 маусымында өтеді. Сол күні Трамп 80 жасқа толады.

UFC ұйымының президенті Дана Уайт оңтүстік бөліктегі көгалды қалпына келтіру үшін 700 мың доллар бөлінетінін айтты. Оның сөзінше, бұл шара АҚШ Тәуелсіздігінің 250 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар легінің бір бөлігі болады.

Трамп пен Уайт 2000-шы жылдардан бері дос. Сол кезде Дональд Трамп Атлантик-Ситидегі өзіне тиесілі алаңдарын UFC турнирлерін өткізуге ұсынып, басқа ареналар мұндай шаралардан бас тартқан тұста ұйымға қолдау көрсеткен еді. Содан бері Трамп UFC жекпе-жектерін тамашалап, бұл спортқа деген ықыласын ашық білдіріп келеді.

Бұған дейін де ол Ақ үй маңында UFC турнирін өткізгісі келетінін айтқан болатын, алайда нақты күні аталмады. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Егер жоспар жүзеге асса, бұл Ақ үй тарихында алғаш рет аралас жекпе-жек турнирінің өткізілуі болмақ.

Back to top button