АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио заң шығарушыларға президент Дональд Трамп Гренландияны басып алуды емес, оны сатып алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
ВЕНЕСУЭЛАҒА АРНАЛҒАН БРИФИНГ
Бұған дейін бұл мәліметпен The New York Times басылымы бөліскен болатын. Беделді басылым ақпаратынша, Рубио аталған мәлімдемені Конгрестің екі палатасындағы қарулы күштер мен сыртқы саясат жөніндегі негізгі комитеттердің мүшелері қатысқан брифинг барысында жасаған.
Капитолийде өткен брифинг Венесуэла мәселесіне арналды. Алайда заң шығарушылар АҚШ президентінің агрессивті мәлімдемелерін ескере отырып, Трамптың Гренландияға қатысты ниеттеріне алаңдаушылық білдірген.
ДАНИЯҒА КІМДЕР ЖАҚТАСТЫ
Рубио Гренландияны «сатып алу» туралы айтқанда нақты нені меңзегенін тарқатып түсіндірмеді.
Сейсенбі күні НАТО-ға мүше алты елдің көшбасшысы Данияның премьер-министрі Метте Фредериксенмен бірге бірлескен мәлімдеме жасап, Дональд Трамптың АҚШ Гренландияны басып алуы тиіс деген уәждерін жоққа шығарды. Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Испания және Польша елдері Данияға жақтасты. Олардың барлығы АҚШ одақтастары.
Арктикадағы қауіпсіздік БҰҰ Жарғысы қағидаттарын, соның ішінде егемендік, аумақтық тұтастық пен шекаралардың мызғымастығын сақтай отырып, НАТО одақтастарымен, оның ішінде Америка Құрама Штаттарымен бірлесіп, ұжымдық түрде қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – әмбебап қағидаттар және біз оларды қорғауды тоқтатпаймыз, – делінген бірлескен мәлімдемеде.