Ерекше

Трамп BBC-ден 5 млрд доллар өндіріп алмақ

АҚШ президенті Дональд Трамп британдық хабар тарату корпорациясына (BBC) талап арыз түсіріп, одан 5 миллиард доллар көлемінде өтемақы өндіріп алуды көздеп отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz lenta.profinansy.ru-ға сілтеме жасап.

ДЕРЕКТІ ФИЛЬМДЕ ҚАНДАЙ ҚАТЕ БАР

Бұл туралы мұның алдында CNBC телеарнасы хабарлады.

Талап арызда ВВС 2024 жылғы сайлауға бір апта қалғанда эфирге шыққан деректі фильмінде президент Трамптың «жалған, беделін түсіретін, жұртты жаңылыстыратын, менсінбеушілікке құрылған, арандатушылық және қасақана жағымсыз бейнесін» қалыптастырды деп айыпталады.

Құжатта бұл фильм «президент Трампқа зиян келтіру мақсатында сайлау барысына ашық түрде араласуға және оның нәтижесіне ықпал етуге жасалған өрескел әрекет» екені көрсетілген. Атап айтқанда, деректі фильм 2021 жылғы 6 қаңтарда Ақ үй алдында сөйлеген сөзін әдейі өңдеу арқылы Трамптың Джо Байденнің сайлаудағы жеңісі бекітіліп жатқан сәтте жақтастарын АҚШ Капитолийіне шабуыл жасауға тікелей шақырғандай әсер қалдырғаны айтылған.

КОНТЕНТ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР

Сонымен қатар бұл деректі фильм ВВС-дің «президент Трамптың сөздерін ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде манипуляциялап, оны қаралау үшін контентті жұртты жаңылыстыратындай етіп ұсыну тәжірибесінің бір бөлігі» екені алға тартылады. 

Бұған дейін президент сөздері бұрмаланды деген даудан кейін ВВС-дің бас директоры Тим Дэйви мен корпорацияның атқарушы директоры Дебора Тернесс биылғы қараша айында қызметінен кететінін жариялағаны хабарланған.

Back to top button