Тоқаев Ұлттық банкке инфляцияны төмендетуді тапсырды
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Президентке есеп беріп, бірнеше тапсырма алды, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тимур Сүлейменовке инфляцияны төмендетудің маңызын ерекше назарда ұстауды тапсырды. Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшысы Ұлттық банк төрағасын бүгін қабылдады. Тоқаев экономика мен қаржы жүйесінің жағдайы, жүргізіліп жатқан ақша-несие саясатының негізгі бағыттары мен 2026 жылға арналған жоспарлар туралы есеп тыңдады.
СҮЛЕЙМЕНОВ НЕ АЙТТЫ
- Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыра бастады.
- Жыл басынан бері Ұлттық қордың валюта активтері 4,8 млрд долларға артты.
- 11 айдағы инвестициялық кіріс 8,2 млрд долларды, немесе 13,7%-ды құрады.
- Осы кезеңде алтын-валюта резервтері 16,3 млрд долларға, яғни 36%-ға өсіп, 62,1 млрд долларға жетті.
- БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері жыл басынан бері 2,6 трлн теңгеге (+11,7%) өсіп, 25 трлн теңгені құрады.
- Ұлттық банк бағаны тұрақтандыру және инфляцияны орта мерзімді мақсат – 5% деңгейіне түсіру үшін қажетті барлық шараны қабылдап жатыр.
- Сонымен қатар реттеуші цифрлық жобаларды жүзеге асыруда. Оның ішінде Антифрод орталығының жұмысы мен ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымды дамыту бар.
ТОҚАЕВ ТАПСЫРМАСЫ
- инфляцияны төмендетуге баса мән беру;
- қаржы нарығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету;
- сектордағы цифрлық трансформацияны жеделдету.
8 желтоқсанда Ұлттық банк 2026 жылға арналған базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер кестесін бекітті. Келесі жылы базалық мөлшерлеме жөнінде сегіз шешім қабылданбақ, төртеуі болжамдық раунд нәтижесіне негізделеді.
Реттеушінің ақша-несие саясаты жөніндегі комитетінің алғашқы отырысы 23 қаңтарда өтеді.