Ерекше

Тоқаев Трамптың Украинадағы соғысты тоқтату жоспарын қолдады

Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған күш-жігеріне және ұсынған жоспарына қолдау білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының айтуынша, тараптар аймақтық және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, екі елдің көптеген түйткілге қатысты ұстанымдары ұқсас екенін растаған.

Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда АҚШ Президенті Дональд Трамптың Украинадағы ахуалды реттеуге бағытталған күш-жігерін және ұсынып жатқан жоспарын қолдаймын. Сондай-ақ Қазақстан Армения мен Әзербайжанның бейбітшілік жолындағы ортақ ұмтылысын толық қолдайды, – деді Президент.

Айта кетейік, жуықта ғана Украина Жоғарғы Радасының депутаты РФ мен Украина арасындағы соғысты тоқтату жөніндегі Дональд Трамптың болжамды жоспарының фотосуреттерін жариялады.

DW хабарлауынша, онда әсіресе Ресейге территориялық жеңілдіктер беру және Мәскеуге салынған санкцияларды алып тастау мәселелері қарастырылған.

AFP агенттігінің хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамптың әкімшілігі әзірлеген жаңа бейбіт жоспар аясында Украина Ресейге белгілі бір жеңілдіктерге баруы мүмкін. Бұл туралы 20 қараша, бейсенбі күні хабарланды.

Украиналық депутат Трамптың жоспарын жариялады

Украина Жоғарғы Радасының депутаты Алексей Гончаренко 21 қараша күні кешке өзінің Telegram-арнасында РФ мен Украина арасындағы соғысты аяқтауға арналған Трамптың болжалды жоспарының фотосуреттерін жариялады.

АҚШ билігі әзірге бұл құжаттың түпнұсқалығын растаған жоқ.

Гончаренко жариялаған жоспар 28 тармақтан тұрады және онда территориялық мәселелер, Украинаның егемендігі, НАТО-мен әскери ынтымақтастық, Ресейдің жаһандық экономикадағы мәртебесі және басқа да аспектілер қамтылған.

Территориядан бас тарту, Украинаны қалпына келтіру, РФ санкцияларын жою

Жоспардың екінші тармағында Украина, Ресей және ЕО «жан-жақты соққы жасамау туралы келісімге» қол қоятыны, ал «соңғы 30 жылдағы барлық даулы мәселелер реттелді деп саналатыны» жазылған.

Құжатқа сәйкес, Қырым түбегі, Донецк және Луганск облыстары де-факто Ресей аумағы деп танылуы тиіс. Ал Херсон және Запорожье облыстары қазіргі майдан шебі бойынша Украина мен Ресей арасында бөлінеді. Тараптар бұдан былай күш қолдану арқылы шекараны өзгертпеуге міндеттеледі. Сонымен қатар НАТО әскерлері Украина аумағында орналастырылмауы керек.

Трамптың болжалды жоспарына сәйкес, Украинаны қалпына келтіруді АҚШ пен Еуропа қаржыландырады. Осы мақсатқа Ресейдің бұғатталған 100 млрд АҚШ доллары көлеміндегі активтері де жұмсалады.

Back to top button