Тоқаев қорғаныс министріне армиядағы жазатайым оқиғаларға баса назар аударуды тапсырды
Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қорғаныс ведомствосының 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған қызметі туралы баяндалды.
Дәурен Қосанов президенттің алдында армияның жауынгерлік дайындығы, көктемгі әскер қатарына шақыру науқанының нәтижелері мен әскери-патриоттық тәрбие жүйесін жетілдіру, әскери қызметшілерді әлеуметтік тұрғыдан қамсыздандыру шаралары жөнінде мәлімет берген. Президент тапсырмаларының орындалу барысын жеткізген. Атап айтқанда әскердің ұтқырлық деңгейін арттыру, әуе шабуылына қарсы қорғанысты күшейту, аумақтық әскер мен ұшқышсыз ұшатын аппараттар бөлімшесін, әскери инфрақұрылымды дамыту, қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырысты орналастыру мәселелері жөнінде ақпарат ұсынған.
ТОҚАЕВТЫҢ ТАПСЫРМАСЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев министрге Қарулы күштердің әскери әлеуетін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар міндет жүктеген. Атап айтқанда, әскери қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әскери қызметшілердің жарақат алу және жазым болу оқиғаларының алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдаудың маңыздылығына назар аударған.