ЕрекшеЖаңалықтар

Сұмдық берекесіздік – Тоқаев Қаңтар оқиғасы жайлы ойын айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Түркістан” газетіне берген сұхбатында Қаңтар оқиғасы жөнінде сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.

Президент “Қаңтар оқиғасына қатысқан бірқатар азаматқа байланысты сот процесі туралы ақпарат БАҚ беттерінде былтыр ара-тұра жарияланып тұрды. Тергеу амалдары әлі жүріп жатыр ма?” деген сұраққа жауап берген.

“Бұл тақырыпқа қатысты негізгі мән-жайдың бәрі әлдеқашан белгілі болды. Сол оқиғалар бойынша тергеу жүргізу кезінде құқық қорғау органдары азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бірқатар қоғамдық комиссия құрылып, оған белгілі заңгерлер жетекшілік етті. Мұндай қадам жұмыстың бейтарап ұстаныммен жүргізілуіне, сол арқылы барлық оқиғаның ақ-қарасын анықтауға мүмкіндік берді. Осы орайда, азаматтық жауапкершілік танытып, кәсіби біліктілігін көрсеткені үшін оларға ризашылығымды білдіргім келеді”, – дейді Тоқаев.

Президент 2022 жылдың наурыз айында Парламентте арнайы қоғамдық тыңдау өтіп, бұл оқиғаға және еліміздің конституциялық құрылымын бұзбақ болған қылмыскерлердің әрекетіне егжей-тегжейлі баға берілгенін атап өткен. Кейбір сот процестері, сондай-ақ, қаңтарда ұрланған көптеген қаруды іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатқанын айтқан. Сол күндері қылмыскерлер үш мыңнан астам қару-жарақты иемденіп кеткенін, бірақ күштік құрылымдардың арқасында қару-жарақ жасырылған қоймалардың көбі табылғанын жеткізген.

“Қаңтар оқиғасын талқылайтындар көбінесе сол кездегі дағдарыстың түпкі мәнін түсінуге еш пайдасы жоқ дүниелерді қазбалап кетеді. Сол үшін оларды кінәлауға да болмас. Дегенмен, ақиқат жолында ешқашан қызбалыққа салынбау керек. Алматыдағы аласапыран туралы жиі айтылып жатады, мұны түсінуге де болады. Бірақ, зұлымның сиқырлы таяқшасымен жасалғандай адам сенгісіз жағдайлар болғанын да естен шығармау керек. Нақтырақ айтқанда, бүлікті ұйымдастырушылардың әмірімен бір мезетте он екі қалада жаппай тәртіпсіздік белең алды. Оның арты қаскөйлердің көптеген облыс әкімдіктері мен құқық қорғау органдарының ғимараттарын басып алуына әкеп соқтырды”, – дейді ол.

Қасым-Жомарт Тоқаев «төңкеріс» жасауға әбден машықтанған мамандардың жетекшілігімен тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар Үкіметтің жанар-жағармай бағасын өсіру туралы шешімін желеу етіп, адамдарды жаппай шеруге шығуға итермеледі деген.

“Сосын азаматтардың, мемлекеттік қызметшілердің, бір таңғаларлығы, күштік құрылым қызметкерлерінің едәуір бөлігінің арасында дүрбелең туғызды. Олар қару-жарақ пен құпия құжаттарды қараусыз қалдырып, жұмыс орындарын тастап, кете бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Ішкі істер министрлігінің кейбір басшылары сын сағатта Отан алдындағы адалдығын сақтап қала алмады, кәсіби деңгейі де төмен екенін көрсетті.

Осындай жағдай, әсіресе, бүлікшілердің басты нысанасы болған Алматыда анық байқалды. Әскери қызметшілер мен қала тұрғындары қатты қорлыққа ұшырады. Әкімшілік ғимараттар, сауда орталықтары, дүкендер мен банктер қирап, өртке оранып, тоналып жатты. Мұндай жүгенсіздікке қарсы төтенше шаралар қабылдау қажет болды. Қазір, арада біраз уақыт өткен соң, пиғылы арам әрі сана-сезімі таяз кейбір адамдар мемлекетіміздің елді құрдымға жібере жаздаған сұмдық берекесіздіктен аман қалғаны жайлы әңгімені әдейі айналып өтіп, қасақана ойына келгенді айтып жүр”, – дейді президент.

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден оқуға болады.

Back to top button