Қазақстанда банк жүйесіне қатысты ауқымды заңнамалық жаңарту кезеңі басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев банктер мен қаржы нарығын реттеуге бағытталған жаңа заңға қол қойды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бұл өзгерістер қарапайым азаматтар үшін де, бизнес үшін де маңызды: банктердің жұмыс тәртібі, тұтынушы құқығын қорғау тетіктері, даулы мәселелерді шешу жолы, тіпті цифрлық активтердің құқықтық мәртебесі де жаңа талаптармен реттеледі.
Жаңа заңның басты мақсаты – банк секторын тұрақты ету ғана емес, сонымен бірге экономиканы несиелеуді күшейту, қаржы технологияларын дамыту және бәсекелестікті арттыру.
ЖАҢА ЗАҢ НЕНІ КӨЗДЕЙДІ
Банктер туралы жаңа заң жобасы – банк заңнамасын кешенді реформалау. Ол бірнеше ірі бағытты қамтиды:
-
банк ресурстарын экономиканы қаржыландыруға белсендірек тарту;
-
нарықтағы бәсекелестікті арттыру;
-
қаржылық технологияларды дамыту;
-
цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесін бекіту;
-
цифрлық активтерді реттеу.
Заңда жалпы алты негізгі бағыт бойынша нақты өзгерістер ұсынылған:
Базалық және әмбебап лицензия енгізіледі
Ең басты өзгерістердің бірі – банк лицензиясының екі деңгейлі моделін енгізу:
-
базалық лицензия,
-
әмбебап лицензия.
Базалық лицензияның ерекшелігі – банк операцияларының шектеулі тізімімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді және реттеуші талаптар жеңілдетіледі. Нарықта жаңа банктер мен қаржы ұйымдары пайда болуы мүмкін. Бәсекелестік күшейіп, қызмет сапасы артуы ықтимал. Шағын және орта ойыншыларға нарыққа кіру жеңілдейді.
Әмбебап банктерге “исламдық терезе” ашуға рұқсат беріледі
Заң исламдық қаржыландыруды дамытуға да жол ашады. Енді әмбебап банктер исламдық банк операцияларын “исламдық терезелер” форматында ұсына алады. Бұл модель арқылы банктерге толыққанды жаңа ислам банкін ашпай-ақ, арнайы бөлімше құрып, шариғат талаптарына сай өнімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде азаматтар мен бизнес үшін қаржыландырудың балама түрлері көбейеді.
Тұтынушы құқығын қорғау күшейеді: қаржы омбудсманы және жаңа жүйе
Жаңа заңның халыққа ең тікелей әсер ететін тұсы – тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған өзгерістер. Негізгі жаңалықтар: банк, сақтандыру және микроқаржы қызметтері үшін бірыңғай қаржы омбудсманының кеңсесі құрылад. Дауларды сотқа дейін шешуге арналған үш деңгейлі жүйе енгізіледі. Бұл дегеніміз егер азамат банкпен келісе алмай, мәселе туындаса, сотқа бірден жүгірмей-ақ, мәселені тезірек әрі жеңіл жолмен шешуге мүмкіндік артуы мүмкін.
Төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігі енгізіледі
Заң жобасында халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, банк дағдарысын басқарудың нақты механизмі ұсынылған. Егер банк қиын жағдайға тап болса, мемлекет пен реттеуші органдар бірден “банк күйреді” деп кесіп айтпай, кезең-кезеңімен әрекет етеді. Дағдарысқа қарсы үш режим: күшейтілген қадағалау, қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру, төлем қабілетсіздігін реттеу. Сонымен бірге жүйелік маңызы бар банктер үшін:
-
шығындарды сіңіру қабілетіне қойылатын талаптар күшейеді;
-
міндеттемелерді капиталға айырбастау механизмдері қарастырылады.
Ал мемлекеттік қолдау тек ең соңғы шара ретінде ғана беріледі: мемлекет банкке уақытша және өтеулі түрде капитал енгізіп, кейін оны инвесторға сату мүмкіндігін қарастырады.
Бұл – “банк проблемасы автоматты түрде бюджет есебінен жабылады” деген тәсілден біртіндеп алыстау деген сөз.
Корпоративтік басқару күшейеді: директорлар кеңесіне жаңа талап
Заң жобасы банк басқаруын күшейтуді де көздейді. Мұнда басты назар – корпоративтік мәдениетті жақсарту және тәуекелдерді дұрыс басқару. Негізгі өзгерістер: тәуелсіз директорлар институты күшейеді. Директорлар кеңесінің тәуелсіздігіне қосымша талаптар енгізіледі. Директорлар кеңесінде отырудың ең ұзақ мерзімі 9 жылмен шектеледі.
Бұл банктердің жабық жүйеге айналып кетпеуіне, басқару шешімдерінің ашықтығын арттыруға бағытталған.
Цифрлық активтер заңды түрде реттеледі
Заңның ең жаңа әрі нарық үшін маңызды бөлігінің бірі – қаржылық технология секторын дамыту және цифрлық активтерді реттеу. Енді Қазақстанда цифрлық қаржы активтерінің айналымына рұқсат беру мәселесі заңды түрде бекітіледі. Заң жобасы цифрлық активтердің үш санатын айқындайды:
-
стейблкоиндар;
-
базалық активі қаржы құралдары, мүліктік құқықтар, тауарлар немесе өзге мүлік болатын цифрлық активтер;
-
цифрлық платформаларда электрондық форматта шығарылатын қаржы құралдары.
Бұл бағыттың маңызы — цифрлық активтер енді “көлеңкеде” емес, заң аясында реттелетін нақты нарыққа айналады.