ЕрекшеЖаңалықтар

Той әншілері қымбат көлік алса салығын тексереміз – қаржы министрі

Қаржы министрі Мәди Тәкиев тойға барып, той иесінен гонорарды қолма-қол алатын әншілердің салық жағынан тексерудің бірнеше әдісі барын мәлім етті, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ТӘКИЕВ НЕ ДЕЙДІ

Үкіметте бүгін қаржы министрі блогерлердің де, әншілердің де салық төлеуін бақылаймыз деген еді. Алайда қазір көп тойда әншілер гонорарды қолма-қол алатыны белгілі. Мұндай жағдайда қаржы министрлігі әр әншінің қай тойдан қанша ақша алып, қанша салық төлеуі керектігін қалай бақылағалы отыр? Тәкиев мұның бірнеше әдісі бар дейді.

“Қалай бақылауға болатынын білетін бірнеше әдіс бар. Біріншіден, біз кімнің той жасап жатқанын білеміз ғой. Хронометраж арқылы кімнің қайда той жасап жатқанын білуге болады. Екіншіден, әнші қолма-қол ақша алған әнші бір жаққа жұмсайды. Үй немесе көлік алады. Сол кезде “қайдан ақша алдыңыз?” деген сұрақ туындайды, – дейді ол.

Сондай бақылаудан өткен әншілер бар ма деген сұраққа Тәкиев “салық органдары тексеріп жатқан 800-ден аса адамның ішінде блогерлер де, әншілер де барын” айтады.

ӘНШІЛЕР МЕН САЛЫҚ

Қазақстанда тойға шақырылып ән айтатын өнерпаздардың салық төлеу мәселесі көптен бері талқыланып келеді. Заң бойынша жылдық табысы белгілі бір межеден асқан әншілер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, кіріс салығын, зейнетақы жарналарын, әлеуметтік төлемдерді төлеуі тиіс. Алайда іс жүзінде бұл талапты бәрі бірдей орындап жүрген жоқ. Мысалы, салық органдарының дерегінше, елде заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелген әншілер бар болғаны бірнеше жүз адам ғана, ал олардың төлеген салық көлемі ондаған миллион теңгемен шектеледі. Бұл – шоу-бизнес өкілдерінің нақты табысымен салыстырғанда өте аз көрсеткіш. Кейбір танымал әншілердің салық қарызы жүз миллион теңгеден асып кеткені де жарияланған. Тойдан түсетін табыс көбіне қолма-қол беріледі, жазбаша келісімшарт жасалмайды, сондықтан кірісті дәлелдеу және бақылау қиын. Соңғы жылдары мемлекет бұл саланы ашық етуге талпынып, салық органдарының назарын күшейтіп жатыр. Дегенмен, өнерпаздардың өздері кейде табыстары көпшілік ойлағандай үлкен емес екенін, ал қайырымдылық шараларынан немесе жақын ортаның тойларынан түскен ақша табыс ретінде саналмауы керектігін айтады. Осылайша, той өнері мен салық төлеу мәдениеті Қазақстанда әлі де толық қалыптасқан жоқ.

Back to top button