ЕрекшеТергеу

Тиктокер «емші» құмар ойыншы болып шықты: Астанада оған үкім оқылды

Астана қаласының тұрғыны «TikTok» әлеуметтік желісінде өзін «емші» ретінде таныстырып, экстрасенсорлық қабілеттері арқылы емдеу қызметтерін ұсынған аккаунт ашқан, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЕРЕКШЕ ҚАБІЛЕТКЕ ИЕМІН ДЕП КӨРСЕТКЕН

Әлеуметтік желілер арқылы жәбірленушілердің бірінің денсаулығына қатысты мәселелері бар екенін білген ол, өзін ерекше қабілеттерге ие адам ретінде көрсетіп, белгілі бір ақыға «емдеу» қызметін көрсете алатынына сендірген.

Осылайша, кінәлі 3 жәбірленушіден жалпы сомасы 5,5 млн теңгеден асатын ақшалай қаражатты алаяқтық жолмен иемденіп, оны букмекерлік кеңселерде бәс тігуге жұмсаған.

ҚАНДАЙ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Мемлекеттік айыптаушы сотта сотталушының кінәсін дәлелдейтін барлық дәлелдемені ұсынды, – делінген ақпаратта.
Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындап, келтірілген залалды ішінара өтеген.

Сот үкімімен кінәлі адам 2 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Үкім заңды күшіне енді, – делінген мәліметті.

Прокуратура азаматтарды сақ болуға, әлеуметтік желілердегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және мұндай фактілер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға шақырады.

Back to top button