TikTok америкалық корпорациялардың бақылауына өтеді

АҚШ президенті Дональд Трамп TikTok компаниясына қатысты мәміле туралы жарлыққа қол қойды. Соның нәтижесінде компания америкалық корпорациялардың бақылауына өтіп, АҚШ аумағында жұмысын жалғастыра алады. Құжатқа қол қою рәсімін Ақ үй тікелей эфирде көрсетті.
Компанияның құны 14 миллиард долларға бағаланды. АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс TikTok енді америкалықтарға қарсы «насихат құралы» ретінде пайдаланылмайтынын атап өтті.
«Біз америкалықтардың деректерінің құпиялылығын заң талап еткендей қорғауды қамтамасыз еткіміз келді. <…> Біз бұған қол жеткіздік деп ойлаймыз. Әрине, бұл бағытта жұмысты жалғастыра береміз. Бірақ бұл мәміле америкалықтар енді TikTok-ты бұрынғыдан да сенімді түрде пайдалана алады дегенді білдіреді», — деді Вэнс.
Бұған дейін Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде АҚШ пен Қытай арасындағы Еуропада өткен ірі сауда кездесуінің «өте жақсы» өткені және ел жастары «құтқарғысы келген» «белгілі бір» компанияға қатысты келісімге қол жеткізілгені туралы хабарлаған еді.