Беделді The Ring журналы қазақстандық боксшы, орта салмақта IBF және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлын (17-0, 12 КО) өз рейтиңінен шығаратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Vesti.kz.
Бұған дейін 32 жастағы боксшы дивизион рейтиңінің көшін бастап тұрған. Алайда допинг-тесттің оң нәтиже көрсетуіне байланысты ол үздіктер тізімінен толықтай шығарылды. Бұл туралы журналдың ресми жаңартылған мәліметінде айтылған.
«Бұрын рейтиңнің бірінші сатысында тұрған Жәнібек Әлімханұлы осы айдың басында алынған VADA допинг-тестінің қолайсыз нәтижесіне байланысты тізімнен шығарылды. Соның салдарынан өзге боксшылар рейтиңде жоғарылады, ал Хесус Рамос-кіші 10-орыннан дебют жасады», — деп хабарлайды The Ring.
Жаңартылған рейтиң бойынша бірінші орынға Доминикан Республикасының өкілі, WBC чемпионы Карлос Адамес (24-1-1, 18 КО) жайғасты. Ал үздік үштікке кубалық боксшылар — Йоэнлис Эрнандес (8-0, 7 КО) пен Эрисланди Лара (31–3–3, 19 КО) енді.
Еске сала кетейік, 7 желтоқсанда Әлімханұлы орта салмақтағы үш чемпиондық белбеу үшін Ларамен біріктіруші жекпе-жек өткізуі тиіс болған. Алайда жекпе-жекке бірнеше күн қалғанда қазақстандық боксшының допинг сынамасынан мельдоний табылып, кездесу кейінге қалдырылды. Нәтижесінде Лара венесуэлалық Йохан Гонсалеспен (36–5, 34 КО) рингке шығып, төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті.
Қазір Жәнібек Әлімханұлының ісі бойынша ішкі тергеу жалғасып жатыр. B сынамасын ашу 8 қаңтарға жоспарланған, содан кейін жағдайға соңғы құқықтық баға беріледі.