Жаңалықтар

Teniz Capital инвестиция банкінің басқарма төрағасы тағайындалды

Талғат Салихов «Teniz Capital Investment Banking» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды. Ол жаңа қызметіне 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап кірісті, деп хабарлайды Tizgin.kz инвестициялық банктің ресми мәлімдемесіне сілтеме жасап.

Тиісті шешімді компанияның директорлар кеңесі қабылдаған.

Банктің тәуелсіз директоры болған

Бұған дейін Талғат Салихов «Teniz Capital Investment Banking» директорлар кеңесінің мүшесі әрі тәуелсіз директоры қызметін атқарған. Сонымен бірге стратегия, кадрлар және сыйақылар жөніндегі комитетке төрағалық еткен. Ол банктің директорлар кеңесіне 2025 жылғы 30 мамырда сайланған болатын.

Жаңа басшы осыған дейін басқарма төрағасы болған Анзор Боташевтің орнына келді. Боташев инвестициялық банкті 2025 жылғы сәуірден бері басқарып келген. Жаңартылған басқарма құрамына төрт адам кірді. Олар – басқарма төрағасы Талғат Салихов және басқарма мүшелері Айгүл Қасенова, Ерасыл Дәулет пен Дана Оразбаева.

Қаржы саласында 12 жылдан астам тәжірибесі бар

Талғат Салиховтың инвестициялық банкинг, корпоративтік қаржы, тікелей инвестициялар және инвестициялық активтерді басқару салаларында 12 жылдан астам кәсіби тәжірибесі бар. Еңбек жолын PwC компаниясында бастаған. Онда Қазақстан мен Ресейдегі корпоративтік қаржы жобаларына қатысқан. Кейін қаржы және инвестиция саласындағы түрлі қызметтерді атқарды.

Салихов Ұлыбританиядағы Ноттингем университетін азаматтық құрылыс мамандығы бойынша бакалавр дәрежесімен тәмамдаған. Сондай-ақ Лондон империялық колледжінде көлік және бизнес-менеджмент бағыты бойынша магистр дәрежесін алған. Қазіргі уақытта ол «Азиялық кредит қоры» бақылау кеңесінің тәуелсіз мүшесі қызметін де атқарады.

Back to top button