Темірлан Анарбеков Мбапенің алдын орады
Футбол әлеміндегі ең беделді статистикалық платформалардың бірі — SofaScore УЕФА Чемпиондар лигасының 2025/26 жылғы маусымындағы жалпы кезеңнің алтыншы турынан кейін жаңартылған рейтингтер жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
SofaScore құрастырған жаңа тізімдегі басты кейіпкерлердің бірі –алматылық «Қайрат» клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков.
Казахстандық футболшы ең жоғары баға алған ойыншылар рейтингісінде көш бастады. Анарбеков жалпы кезеңде төрт матчқа (Пафос», «Копенгаген», «Олимпиакос» және «Интерге» қарсы) қатысып, осы ойындардағы өнері үшін мамандардан орта есеппен 8,9 ұпай жинаған.
Бұл көрсеткіш Чемпиондар лигасы жалпы кезеңіне қатысқан барлық клуб футболшылары арасындағы ең жоғары нәтиже саналды. Тіпті алты матчтың барлығында алаңға шыққан ойыншылар нәтижесі де бұдан төмен болған.
Анарбековтен кейін екінші орынға «Реал Мадрид» шабуылшысы Килиан Мбаппе (8.34) жайғасқан. Үздік үштікті «Галатасарай» футболшысы Виктор Осимхен (8.33) түйіндейді. Топ-5-ке сондай-ақ норвегиялық «Бодо Глимт» клубының ресейлік қақпашысы Никита Хайкин (8.1) және ПСЖ ойыншысы Витинья (7.92) енді.
Бұған дейін Темірлан Анарбеков Чемпиондар лигасы тарихында матчтың ең үздік ойыншысы (MVP) атанған алғашқы қазақстандық футболшы болған еді. Бұл мәртебеге ол алтыншы турда, елордада өткен «Олимпиакоспен» ойыннан кейін ие болды.
Қақпашының жарқын ойыны Анарбековті «Қайраттың» жаңа жұлдызына айналдырды. Ойыннан кейін жанкүйерлер мен сарапшылар Темірланды еуропалық клубтарға, оның ішінде миландық «Интерге» баруын құп көрген.