TOP-1Жаңалықтар

Тәшиев енді мемлекеттік қызметке жоламайды – Жапаров

Қамшыбек Тәшиевке мемлекеттік қызмет берілмейді. Бұл туралы «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров мәлім етті, деп жазады Кактусмедиа.

Қырғыз басшысы Тәшиевпен арадағы достық қарым-қатынастың сақталатынын ерекше атап өткен.

«Менің болмысым сондай – қандай да бір даулы мәселе туындаса, оны жанжалсыз, сабырмен шешуге тырысамын. Біз достық қарым-қатынасты жалғастыра береміз. Алайда ол мемлекеттік лауазымға тағайындалмайды. Демалып, денсаулығына назар аударғаны жөн”, – деді ол.

Сондай-ақ Жапаров оның айналасы “ақсақалдардан” тазартылуы тиіс деді.

“Барлық жайтты тергеу органдары анықтайды. Қазір, әрине, алғыс айтылмайды, бәлкім реніш те болар. Бірақ уақыт өте келе ол: “Досым, сен сол кезде дұрыс қадам жасадың”, – деп ризашылығын білдіреді», – деді президент.

Тәшиев ел есінде несімен қалды

Қамшыбек Тәшиев бұған дейін Қырғызстан парламентінің депутаты болған, бірқатар оппозициялық қозғалыстарға жетекшілік еткен. Әртүрлі кезеңдерде билікпен ашық текетіреске де барған. Осы арқылы қоғамда танымалдығы артты әрі қатал, ымыраға келмейтін саясаткер ретінде қалыптасқан.

Кейінгі жылдары ол министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Бұл кезеңде шекара қауіпсіздігі, қылмысқа қарсы күрес, жемқорлыққа қарсы науқандармен тығыз байланысты болды. Оның бастамалары бір жағынан қолдау тапса, екінші жағынан қоғамда қызу пікірталас туғызған.

Ең үлкен резонанс тудырған оқиға – 2023 жылы Қамшы Көлбаевтың жойылуы. Осыдан кейін комитет ұйымдасқан қылмыстық топтың талқандалғанын және мемлекетке 350 млрд сомнан астам қаражаттың қайтарылғанын мәлімдеді. Тәшиев елде «смотрящийлер енді жоқ» екенін, бизнестің қылмыстық қысымнан босатылғанын сол тұста мәлімдеді.

Тәжікстанмен шекара бойынша келіссөздерді басқарып, даулы учаскелердің басым бөлігі бойынша келісімге қол жеткізді. Сондай-ақ Өзбекстанмен шекараны реттеуде, оның ішінде Кемпір-Абад мәселесінде де шешуші рөл атқарды.

Оның тұсында жемқорлық үшін көптеген шенеуніктер ұсталды, есірткі трафигі мен контрабандаға қарсы күрес күшейтілді. Қолданылған әдістер қоғамда бір жағынан қолдау тапса, екінші жағынан сынға да ұшырады.

Қамшыбек Тәшиев 2022 жылы Қырғыз Республикасының Батыры атағын алды. Ұзақ уақыт бойы президенттің ең жақын одақтасы әрі биліктегі ықпалды орталықтардың бірі саналды.

Back to top button