Таңбалау арқылы денсаулық сақтау саласында 85 млрд теңге үнемделді

Қазақстанда тауарларды міндетті цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жалғасуда. Бүгінде міндетті таңбалау темекі өнімдері, аяқ киім, дәрілік заттар, сыра және сыра сусындары, мотор майлары, киік дериваттары сияқты 6 тауар тобына қатысты қолданылады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
БАС ДИРЕКТОР НЕ ДЕЙДІ
Міндетті таңбалау мен қадағалауға жататын алғашқы тауар тобы 2020 жылғы 1 қазаннан бастап темекі өнімдері болды. 2021 жылғы 1 қарашадан бастап аяқ киімді міндетті таңбалау енгізілді, 2024 жылғы 1 шілдеден бастап – барлық дәрілік заттар.
Таңбалауды енгізу тәжірибесі қазірдің өзінде өлшеуге келетін экономикалық әсерін көрсетуде. Темекі өнімдері саласында саланың шамамен 95%-ы цифрландырылды, ал заңсыз айналымды анықтау тиімділігі алты еседен астамға өсті – 2022 жылғы 2 млрд теңгеден 2024 жылы 12,8 млрд теңгеге дейін. Салық түсімдері 1,5 есеге артты, бұл 98,4 млрд теңгеге қосымша өсімді қамтамасыз етті. Аяқ киім сегментінде салық және өзге де түсімдер үш есеге – 17 млрд теңгеге өсті.
Tañba Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторының бас директоры Бикеш Құрманғалиеваның айтуынша, цифрлық таңбалау әрбір тауар бірлігіне бірегей Data Matrix кодын енгізуді көздейді, бұл өнімнің өндірістен немесе импорттан бастап түпкілікті сатуға дейінгі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді. Осылайша тауар ағындарын бақылаудың бірыңғай цифрлық контуры қалыптасады, ол нарықтың ашықтығын қамтамасыз етіп, заңсыз айналымды қысқартады және бәсекелестікті теңестіреді.

«Дәрілік қамтамасыз ету саласында елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Таңбалау жүйесі денсаулық сақтау саласының мемлекеттік ақпараттық ресурстарымен интеграцияланып, препараттардың қозғалысын толық мониторингтеуге, есірткілік және психотроптық заттардың айналымын бақылауды күшейтуге және мемлекеттік қамтамасыз ету шеңберіндегі жеткізілімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік берді. Таңбалау және қадағалау құралын пайдалана отырып, Денсаулық сақтау министрлігі сатып алу барысында жоспарлаудың дәлдігін арттыру есебінен бюджет қаражатының 85 млрд теңгеден астамын үнемдеді, сондай-ақ 15 мыңнан астам бұзушылықты анықтады», – деп бөлісті Бикеш Құрманғалиева.
МҮЙІЗ ТАҢБАЛАУДЫҢ МАҢЫЗЫ БАР
2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап елде киік мүйіздерін міндетті таңбалау енгізілді. Киік мүйіздерін міндетті цифрлық таңбалауды енгізудің халықаралық маңызы бар. CITES талаптарына (Жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенция) сәйкес, киік мүйіздерін экспорттау олардың толық қадағалануын және шығу тегінің заңдылығын қамтамасыз ететін цифрлық таңбалау болған жағдайда мүмкін болады. Осылайша, таңбалау өнімнің сыртқы нарықтарға заңды шығуының және Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерін сақтауын растаудың қажетті шартына айналады.
2026 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстанда мотор майлары, сондай-ақ сыра және сыра сусындары үшін міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Бұл ретте кегтердегі және шыны бөтелкелердегі сыра мен сыра сусындарын таңбалау 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап қолданылады, ал қаңылтыр банкілердегі өнімдер үшін – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап; 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап мотор майлары таңбаланады, ал 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап майлау материалдарының барлық өзге түрлері таңбалауға жатады, – делінген ақпаратта.
Осы жылдың желтоқсан айынан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда.
ТАУАРДЫҢ ТҮПНҰСҚАСЫН ҚАЛАЙ ТЕКСЕРЕДІ
Жаңа тауар топтарында таңбалауды енгізу көлеңкелі нарықтың жоғары үлесін қысқартуға, салық жинауды арттыруға және отандық өндірістің өсуіне жағдай жасауға бағытталған. Адал бизнес үшін таңбалау бәсекелестік жағдайларды теңестіруді, «сұр» импорттың баға демпингін төмендетуді, брендтер мен ресми жеткізу арналарының қорғалуын, сондай-ақ есеп пен логистиканы цифрландыруды білдіреді.
Тұтынушылар үшін цифрлық таңбалау қосымша қорғанысты қамтамасыз етеді. Naqty Onim тегін қосымшасы көмегімен әр тұтынушы таңбалау кодын сканерлеу арқылы тауардың түпнұсқалығын тексере алады. Тауар және оның шыққан елі туралы ақпарат ала алады, сондай-ақ қажет болған жағдайда уәкілетті органдарға өтініш жолдауға мүмкіндік бар.