ГеосаясатЕрекше

«Талибан» Трампқа Баграм әуе базасын қайтарудан бас тартты

«Талибан» Дональд Трампты «реализм мен рационалдылық саясатын ұстануға» және АҚШ-тың Баграм әуе базасын қайта бақылауға алу ниетіне байланысты Ауғанстанның ішкі ісіне араласпауға шақырды, деп хабарлайды DW.

Ауғанстан Баграм әуе базасын АҚШ бақылауына қайтармайды. Бұл туралы «Талибан» уақытша үкіметінің ресми мәлімдемесінде айтылған. Мәлімдемені радикалды исламдық қозғалыстың өкілі Забихулла Муджахид 21 қыркүйек, жексенбі күні әлеуметтік желі X парақшасында жариялады.

«Еске сала кетейік, Доха келісіміне (2020 жылы АҚШ пен «Талибан» арасында жасалған Ауғанстандағы бейбітшілікті қалпына келтіру туралы келісім. – Ред.) сәйкес, АҚШ Ауғанстанның аумақтық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қарсы күш қолданбауға немесе күш қолданамын деп қорқытпауға, сондай-ақ оның ішкі істеріне араласпауға міндеттелген», – делінген мәлімдемеде.

Сонымен бірге Кабул «барлық мемлекеттермен өзара және ортақ мүдделер негізінде сындарлы қарым-қатынас орнатуға ұмтылатынын» атап өтті. Талибтер Вашингтонға «өткеннің сәтсіз тәсілдерін қайталамай, реализм мен рационалдылық саясатын қабылдауға» кеңес берді.

Ауғанстан армиясының Бас штабының бастығы, «Талибан» тағайындаған Қари Фасихуддин де ел «жерінің бір дюймін де ешкімге бермейді» деп мәлімдеді.

Дональд Трамптың мәлімдемесі

Бұған дейін Ақ үй басшысы АҚШ-тың Баграмдағы әскери қатысуын қалпына келтіргісі келетінін айтқан. Журналистердің «Базаны алу үшін америкалық әскерді қайта орналастыру мүмкін бе?» деген сұрағына Трамп: «Бұл туралы біз әңгімелеспейміз. Біз (Баграм әуе базасын – Ред.) қайтадан алғымыз келеді және оны дереу қайтаруды талап етеміз. Егер олар («Талибан» қозғалысы – Ред.) оны қайтармаса, менің не істейтінімді өздеріңіз көресіздер», – деп жауап берді.

Кейінірек ол өзінің Truth Social парақшасында «егер Ауғанстан Баграм әуе базасын оны салғандарға – Америка Құрама Штаттарына қайтармаса, жаман нәрселер болады» деп жазды.

Back to top button