
Бірнеше бап бойынша айып тағылған Хасан Қасымбаевтың ісі бойынша сот талқылауы 20 тамызда басталады.
Орда.кз мәліметінше, соттың сол күні өтетінін оның адвокаты хабарлаған.
Процесс Алматы облысындағы Талғар аудандық сотында өтеді. Істе сондай-ақ Мадияр Қалимжанов, Данияр Аскаров, Нұрмұхаммет Сұлтанбеков, Руслан Әлиев және Сайлау Ақжановтың есімдері аталады.
Істі судья Айнагүл Тұқабаева қарайды.
Қасымбаев адам ұрлады, ұрып-соқты және бопсалады деп айыпталып отыр.
ХАСАН ҚАСЫМБАЕВТЫҢ ІСІ
Хасан Қасымбаевтың есімі Талғарда жасөспірім Шерзат Полатты өлтіру ісінен кейін шықты. Сол кезде қоғамда Қасымбаев басшылық етеді делінген «Хутор» қылмыстық тобы туралы сөз тараған. Алайда полиция мұндай ұйымдасқан қылмыстық топтың барын жоққа шығарды. Дегенмен оған қатысты тергеу басталды. Ол шілде айында аяқталды. 29 шілдеде прокуратура айыптау қорытындысын бекітіп, істі аудандық сотқа жіберді.