Бармақтарын шошайтқан тағы бір судья жұрт назарына ілікті: сот түсініктеме берді
Кешелі бері әлеуметтік желілерде судьяның түрлі пікір туғызған қол қимылын жасаған сәті бейнеленген видео тараған. Алматы соты осы факт жөнінде түсініктеме берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
СОТ НЕ ДЕЙДІ
Алматы қалалық сотының мәліметінше, 2024 жылы Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында резонансты қылмыстық іс бойынша үш айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш қаралған. Сот отырысы барысында процеске қатысушылардың бірі залдан шығып кеткісі келген. Судья мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін білдірген, себебі дәл сол сәтте бұлтартпау шарасын қамауға алу түріне өзгерту мәселесі қаралып жатқан. Аталған қимыл тек сот тәртібін сақтау мен процестің дұрыс өтуін қамтамасыз ету мақсатында жасалған.
“Өтінішті қарау қорытындысы бойынша сот айыпталушыларға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын қолданудан бас тартты. Қылмыстық істің мәні бойынша сот ақтау үкімін шығарды. Бұл үкімді жоғары тұрған сот өзгеріссіз қалдырып, заңды күшіне енді. Айта кету керек, істі қарау барысында судьяның сот отырысындағы әрекеттеріне қатысты шағымдар түскен. Аталған шағымдарды қарау нәтижесінде судьялық әдеп жөніндегі комиссия судьяның кейбір әрекеттеріне қоғамдық сөгіс жариялады”, – деп хабарлайды сот.
ТІЛІН ШЫҒАРҒАН СУДЬЯ
Бұған дейін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісіне жауапты судья Әбинұр Қарабаевтың өзі тексеріске ілінген еді.
Шымкент қаласы соты судьяның әрекетіне тексеру жүргізілетінін мәлімдеді. Ал қызметтік тексеру қорытындысы судьялық әдеп жөніндегі комиссияның қарауына шығарылады. Егер судьяның әдепке қайшы қылығы расталса, материалдар Жоғарғы сот кеңесі жанындағы сот алқасына жолданады.