ЕрекшеСараптама

«Тәуелсіздігімізді мойындауды сұраймыз»: Алаш зиялыларының Жапония үкіметіне жолдаған хатында не жазылған

Жапония үкіметі ХХ ғасырдың басында Алашорданың тәуелсіздігін мойындауы мүмкін бе еді? Бұл сұраққа тарихи әрі мәдени qalam.global басылымы үңілген.

Басылымның жазуынша, 1919 жылы Владивостоктағы Жапонияның бас консулдығына Алашорда үкіметінің өкілі Райымжан Мәрсеков келген. Ол сол жерге большевиктерге қарсы күресу үшін жапон үкіметінен қолдау сұраған хатты тапсырған.

“Ақтар ол кезде ұлттық автономияларды танығысы келмеді. Сол себепті қазақтар қолдауды шет мемлекеттерден, әсіресе Жапониядан күтті. Жапония ұлттық азшылықтардың уайымын түсінді, бірақ Ресейді біріктіре алатын күш ретінде Колчакқа ставка қойды. Сол себепті Жапония мен Алашорданың мүдделері бір жерден шықпады. Бұл факт тек жақында белгілі болды. Құжатты (Алашорданың хатын) кездейсоқ жапон ғалымы тауып алды”, – дейді Хоккайда университетінің профессоры Томохико Уяма.

Алашорда өкілдері Жапонияны текке таңдамаған. Олар сол елдің прогресіне таңданып, қазақ мәселесін Париж конференциясына дейін жеткізгісі келген. 

Алашордашылар хатында қазақ-қайсақтардың аянышты халін баян етіп, Жапония үкіметінен қолдау мен тәуелсіздікті мойындауды сұрайды.

АЛАШОРДА ХАТЫ (қысқартылған нұсқасы)

Романовтар дәуірінде Ресей билігі «қайсақ-қырғыз» халқының игілігіне мүлде көңіл бөлмеді, халық үшін білім беру, гигиена мен экономикалық даму саласында ештеңе жасаған жоқ.

Сонымен қатар, халық иеленіп келген барлық құқықтарынан айырылды: барша жер мемлекеттік меншік деп жарияланып, ең шұрайлы алқаптар Ресейден келген қоныстанушыларға берілді.

1917 жылғы революциядан кейін «қырғыз» халқы Алашорда құрылымын жариялап, 15 мүшеден тұратын министрлер кабинетін жасақтады. Тәуелсіз Алаш мемлекетінің аумағы шамамен 160 миллион десятинаға тең. «Қайсақ-қырғыз» халқы тәуелсіздікке құқылы, сондықтан бұл халықтың тәуелсіздігі халықаралық бейбітшілік конференциясында мойындалуы тиіс, ал Алашорда үкіметі өз өкілдерін жіберіп, «қырғыз» халқының мүддесін қорғауға міндетті.

Алашорда үкіметіне «қайсақ-қырғыздардан» 200 мың адамдық әскер құру қиын емес, бірақ оларды қаруландыратын мүмкіндік жоқ. «Қырғыздардың» титықтауы тек радикалдардан келген зияннан ғана емес, аштықтан да туындап отыр. Соңғы жылдары азық-түлік дерлік жеткізілмей, аурулар одан әрі жайылды, халық дәрі-дәрмексіз, дәрігерсіз ауыр халде қалды.

Осы жағдайға байланысты мен, «қайсақ-қырғыз» халқының басшысы әрі Алашорда үкіметінің уәкілетті өкілі ретінде, Жапон империясының үкіметіне халқымыздың сан қилы қасіретіне жанашырлық танытып, аштан қырылып бара жатқан адамдарды құтқару үшін қажетті азық-түлік, медициналық жабдық және тиісті қару-жарақ беруді сұраймын. Сондай-ақ, үкіметіміздің тәуелсіздігін мойындап, өзге мемлекеттерді де оған қолдау көрсетуге шақыруды өтінемін.

1919 жылдың 17 қаңтары

Алашорда үкіметі

Уәкіл Райымжан Марсеков

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Qalam (@qalam.global)

Back to top button