Тәшиевтің отставкасынан соң Жапаров бірден өзіне қарайтын Мемлекеттік күзет қызметін құрды
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров бүгін, 10 ақпанда «Қырғыз Республикасының мемлекеттік күзет жүйесін жетілдіру шаралары туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл туралы президент әкімшілігінің ақпараттық саясат қызметі хабарлады.
Жарлыққа сәйкес Қырғыз Республикасының ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің 9-қызметі негізінде президент жанынан Мемлекеттік күзет қызметі құрылады. Мемлекеттік күзет қызметі – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесіне кіретін, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін арнайы мемлекеттік орган. Ол заңнамада белгіленген өкілеттіктер шегінде қорғалатын тұлғалар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған күзет шараларын жүзеге асырады.
Мемлекеттік күзет қызметінің төрағасын президент қызметке тағайындайды және қызметтен босатады. Ал төрағаның орынбасарлары қызметке төрағаның ұсынуымен президенттің шешімімен тағайындалып, қызметтен босатылады.
Қызметтің құқықтық негізін Конституция, «Мемлекеттік күзет туралы» заң, осы жарлық және өзге де нормативтік құқықтық актілер құрайды. Мемлекеттік күзет қызметінің ережесі, штаттық саны мен құрылымын президент бекітеді.
Тәшиев ел есінде несімен қалды
Қамшыбек Тәшиев бұған дейін Қырғызстан парламентінің депутаты болған, бірқатар оппозициялық қозғалыстарға жетекшілік еткен. Әртүрлі кезеңдерде билікпен ашық текетіреске де барған. Осы арқылы қоғамда танымалдығы артты әрі қатал, ымыраға келмейтін саясаткер ретінде қалыптасқан.
Кейінгі жылдары ол министрлер кабинетінің төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Бұл кезеңде шекара қауіпсіздігі, қылмысқа қарсы күрес, жемқорлыққа қарсы науқандармен тығыз байланысты болды. Оның бастамалары бір жағынан қолдау тапса, екінші жағынан қоғамда қызу пікірталас туғызған.
Ең үлкен резонанс тудырған оқиға – 2023 жылы Қамшы Көлбаевтың жойылуы. Осыдан кейін комитет ұйымдасқан қылмыстық топтың талқандалғанын және мемлекетке 350 млрд сомнан астам қаражаттың қайтарылғанын мәлімдеді. Тәшиев елде «смотрящийлер енді жоқ» екенін, бизнестің қылмыстық қысымнан босатылғанын сол тұста мәлімдеді.
Тәжікстанмен шекара бойынша келіссөздерді басқарып, даулы учаскелердің басым бөлігі бойынша келісімге қол жеткізді. Сондай-ақ Өзбекстанмен шекараны реттеуде, оның ішінде Кемпір-Абад мәселесінде де шешуші рөл атқарды.
Оның тұсында жемқорлық үшін көптеген шенеуніктер ұсталды, есірткі трафигі мен контрабандаға қарсы күрес күшейтілді. Қолданылған әдістер қоғамда бір жағынан қолдау тапса, екінші жағынан сынға да ұшырады.
Қамшыбек Тәшиев 2022 жылы Қырғыз Республикасының Батыры атағын алды. Ұзақ уақыт бойы президенттің ең жақын одақтасы әрі биліктегі ықпалды орталықтардың бірі саналды.