Табысының 400% төлеуі тиіс: онлайн-казиноны жарнамалайтын блогерлер қалай жазаланады

Қаржылық мониторинг агенттігі ақпаратынша, қазіргі қолданыстағы айыппұлдар блогерлерге тоқтау бола алмай тұр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
СЕНАТОР НЕ ДЕДІ
Агенттік заңсыз онлайн-казиноларды жарнамалайтын блогерлерге қатысты жазаны күшейтуді ұсынды. Ұсыныстардың ішінде жарнамадан түскен табыстың 400 пайызына дейін айыппұл салу және ірі көлемде пайда тапқан жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған. Бұл туралы ҚМА сенатор Геннадий Шиповскихтің депутаттық сауалына берген ресми жауабында мәлімдеді.
Агенттік таратқан мәліметке сүйенсек, жыл басынан бері құмар ойындарды заңсыз жарнамалауға қатысы бар 37 блогер анықталған. Олардың кейбірі заң талаптарын жүйелі түрде елемейтінін атап өтті агенттік. 18 блогерге қатысты материалдар уәкілетті органдарға жолданып, 4,4 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Тағы үш блогерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
АЙЫППҰЛ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ
Агенттік қазіргі заңнамада мұндай әрекет үшін тек әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексте тыйым салынған қызметті жарнамалағаны үшін 60-тан 400 айлық есептік көрсеткішке дейін (2025 жылы бұл шамамен 235 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін) айыппұл көзделген. Алайда бұл сома жарнама арқылы алынған табыс көлемімен салыстырғанда мардымсыз, әрі заң бұзушыларды тоқтата алмай отыр, дейді агенттік.
Негізгі ұсыныстар мынадай:
ӘҚБтК-ге (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс) арнайы бап енгізіп, жарнама үшін табыстың 200%-дан 400%-на дейін айыппұл салу (қайталанса), сондай-ақ заңсыз табысты тәркілеу;
Жарнама арқылы 1000 АЕК-тен (2025 жылы 3,9 млн теңге) астам табыс түссе немесе азаматтарға, ұйымдарға не мемлекетке зиян келсе, қылмыстық жауапкершілікке тарту;
Егер табыс аса ірі көлемде болса — 5000 АЕК-тен (2025 жылы шамамен 19,6 млн теңге) көп — немесе ауыр зардаптарға (өлім, суицид және т.б.) әкелсе, жаза шарасын күшейту;
Сонымен қатар, жобада қылмысты адамдар тобының жасауын, қылмыстың қайталануын немесе қызметтік өкілеттікті пайдаланып жасаған жағдайларды — ауырлататын мән-жайлар ретінде қарастыру ұсынылған.
Агенттік әзірлеген түзетулер Әділет министрлігіне жұмыс тобының талқылауына жіберілді. Жалпысында Президент Әкімшілігі бұл ұсыныстарды қолдаған. ҚМА Бас прокуратура, Әділет министрлігі және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, жыл соңына дейін осы бастамаларды пысықтауды аяқтамақ.