Қылмыстық қудалау сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күрес болса, қоғам санасында төзбес түсінік қалыптастыру себеппен күрес деп айтуға болады. Кейінгі жылдары Қазақстан осындай идеологияға да басымдық бере бастады. Бұл бағыт «Заң және тәртіп» қағидатымен ұштасып, мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып келеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Бір кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметті басқарған (2008 жылғы желтоқсан – 2012 жылғы қаңтар; 2014 жылғы 6 тамыз – 2017 жыл – ред.) Қайрат Қожамжаров пен оның жақтастарының айналасында бірнеше іс тергеліп жатыр. Осы атышулы істердің қоғамға белгілі детальдерінен жемқорлықпен күрес ұраны түрлі топтар арасындағы ықпалға таласу құралына айналған кездер де болғанын көруге болады. Билік транзитінен кейін мұндай жүйе өзгеріске ұшырады. Әсіресе 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін мемлекеттік қолдау таңдаулы топтардың еншісі емес екені, ал сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес «қара тізімдегілерді» тізгіндейтін құрал емес екені ең биік мінберден, ресми мәлім етілді. Заңсыз иемделген активтерді қайтаруға арналған заң қабылданып, іске асуы, қайтарылған қаражаттың бір бөлігі түрлі әлеуметтік нысан болып ел игілігіне берілуі сыбайлас жемқорлықпен күрестің басқа деңгейге өткенін көрсетті.
Бұрын баспасөздегі конспирологияға жақын кейбір материалдарда антикор мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ішкі істер министрлігінің арасында «ведомствоаралық соғыс» жүріп жатқаны туралы болжамдар көп айтылатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрамына берілуі осындай долбарларға да тоқтау болды.
РЕСМИ САНДАР НЕ ДЕЙДІ
Аталған шешімдер мен идеологиялық қадамдар қазақстандықтардың санасына қалай әсер еткенін Ұлттық статистика бюросының сауалнама деректерінен көруге болады. Мысалы, 2022 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке толық және ішінара сенетіндердің үлесі 59,7% болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 82,6%-ға дейін өскен. Яғни үш жыл ішінде сенім деңгейі 22,9 пайыз артқан. Бұған қарап халықтың заң үстемдігіне деген сұранысы артып, сенімі күшейіп келе жатқанын аңдауға болады. Бір қызығы, 2022-25 жылдар аралығында жемқорлықпен күрестің тиімділігіне сенбейтіндердің үлесі 4,9%-дан 8%-ға жеткен. Басқаша айтсақ, күрестің тиімділігіне сенетіндердің үлесі 23 пайызға жуық өссе, сенбейтіндердің үлесі 3 пайыз көлемінде артқан.
Transparency International жүргізетін Global Corruption Barometer сауалнамасының Еуропа және Орталық Азия бойынша 9-басылымында (деректер 2020–2021 жылдары жиналған) қазақстандықтардың 17%-ы соңғы бір жылда пара бергенін мойындаған. Ал сол ұйым жариялайтын Corruption Perceptions Index-тің 2024 жылғы нәтижесінде Қазақстан 39 балл жинап, 180 елдің ішінде 93-орынға жайғасқан. Бұл елде сыбайлас жемқорлықтың жүйелік деңгейі әлі де сақталып отырғанын көрсетеді.
Осылайша, «нөлдік төзімділік» идеологиясы белгілі бір деңгейде қоғамға жетіп жатыр деуге негіз бар. Бірақ ол әлі тұрақты қоғамдық нормаға айналды деу ерте. Себебі нақты тәжірибе мен қабылдау арасында алшақтық сақталып отыр.
Сондықтан мемлекет құқықтық мәдениетті декларация деңгейінде насихаттаудан кетіп, күнделікті мінез-құлыққа айналдыруға күш салып отыр. Ел азаматтары пара беруді «мәжбүрлі амал» ретінде қабылдайтын психологиядан арылу үшін мемлекет ашықтық пен есептілікке күш салып, мемлекетік басқарудың, сатып алудың бүкіл саласына цифрлық технологияларды енгізіп жатыр. 2025 жылдан бастап Ұлттық банк бюджет қаражаты жұмсалатын ірі жобаларды таңбаланған цифрлық теңге арқылы қаржыландыра бастады. Бұл да мемлекет сыбайлас жемқорлықты жеңіге мүдделі екенін бос ұранмен емес, нақты іспен, тиімді шешіммен дәлелдеуге көшкенін көрсетеді.
ЦИФРЛАНДЫРУ САЛАНЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРТЕ АЛАДЫ
«Цифрлық технологиялар арқылы да ашықтықты күшейту мүмкіндігі бар. Онлайн қызметтер мен банк аударымдарын ашық бақылау азаматтарға қаржылық транзакцияларды тексеруге мүмкіндік береді. Бұл да тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске өзінің оң әсерін тигізеді. Табыстың ашықтығы тек қана бақылау немесе тергеп-тексеру арқылы емес, сонымен қатар заң арқылы қамтамасыз етілуге тиіс. Бұл – тәжірибе жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдеген тәсіл», – дейді экономист Ләззат Жанмолдаева.
Былтыр күзде күшіне енген Қазақстанның ішкі саясат тұжырымдамасында қоғамда құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеу» қағидатын қалыптастыру негізгі міндеттердің бірі деп көрсетілген. Құжатта заң мен тәртіптің үстемдігі тұрақты мемлекеттің тірегі ретінде айқындалып, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек жазалау шараларымен емес, құқықтық мәдениетті арттыру және қоғам сенімін нығайту арқылы жүзеге асуға тиіс екені баса айтылады. Ал цифрландыру мен технологиялар бұл үдерістің маңызды құралы ретінде қарастырылған.