ЕрекшеЭкономика

Бір адамға 140 литр: суды неге ірі агрокомпаниялар емес, халық есебінен үнемдегелі отыр

Бұған дейін БАҚ-та Қазақстанда енді әрбір азаматқа тәулігіне 140 литр ауыз судан артық қолдануға болмайтыны жөнінде ақпарат тараған еді. Жаңа тәртіпті бұзғандар үшін тариф 30 пайызға қымбаттайды. Алайда су үнемдеуді қарапайым адамдардың есебінен жүргізген дұрыс па? Осы сұрақты Tizgin.kz порталы Осы сұрақты Tizgin.kz тілшісі Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы басқарма төрағасы Қайратғали Хайруллаға қойды.

Осы шектеуді бекіткенде ауылдық жерлердегі жағдай ескерілді ме? Көп ауылда су жиі тоқтап қалып жатады. Оның үстіне суды үнемдеу шаралары неге ең алдымен халыққа жүктеліп отыр? Өндіріс орындары, ірі аграрлық компаниялар немесе әкімдікке қарайтын мекемелер суды миллиондаған текше метр ысырап қылады. Ал қарапайым азаматтардың крандағы әр литрі есепке алынуы дұрыс па?

Бұл сұраққа жауап берген Қайратғали Хайрулла жылдың басынан бастап өзі басқаратын орталық тиісті зерттеулерді жүргізіп, әр отбасы, әр жеке адамның су тұтыну мөлшері жөнінде зерттеу жүргізгенін айтты. БАҚ өкілдері арқылы осы зерттеулердің қорытындысын жұртқа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз дейді ол.

“Есебін жүргізген кезде әр адамның пайдаланатын су мөлшерін қала және ауыл жағдайында бәрін ескеріп, орташа мөлшер шығардық. Қазір бізде ақпарат бар. Оның негізіне ала отырып, әдістемелік құжаттарды дайындап жатырмыз. Соның өзінде бұл ескеріліп шыққан өлшем. Екіншіден, бұл біздің жергілікті қала мен ауылдағы жағдай өзгеше екеніне еш сөз жоқ. Дегенмен, жаңа су кодексінің тетіктеріне сәйкес, мұны өндірістік мекемелер осы жылдан бастап 5-10 жылдық жоспар қабылдайды. Су мөлшерін қолдануын азайту және қайта пайдалану туралы”, – дейді ол.

Қайратғали Хайрулланың сөзінше, бүгінгі таңда суды пайдалануда үш үлкен бағыт бар. Судың 60-65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына, 25-30 пайызы өндірістік мекемелерге жұмсалса, тек 5 пайызы қаладағы халықтың пайдасына жарайды. 

“Соның ескере келе үш бағыт бойынша жұмыс істеліп жатыр. Ауыл шаруашылығындағы суды пайдалануды азайту ісін көптеген ынталандыру шаралары арқылы қолға алып жатырмыз”, – дейді ол.

Қайратғали Хайрулла сөз соңында 140 литр ауыз судан артық қолдануға болмайтыны жөнінде шектеу әзірге тек жоба күйінде талқыланып жатыр.

Back to top button