ЕрекшеЭкономика

Сүлейменов жаңа салық реформасынан бірқатар мәселе туындауы мүмкін екенін айтты

Базалық мөлшерлемені 18 пайыз шегінде қалдырған Ұлттық банкте бүгін төраға Тимур Сүлейменовтің қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Баяндамасында Ұлттық банк басшысы жаңа салық реформасы іске асып жатқан кезеңде компаниялар өз шығындарын бағаларға қалай қосатынын бақылау керек деп мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Тимур Сүлейменов баяндамасында 2026 жылы ауқымды салық реформасына байланысты бірқатар мәселе туындауы мүмкін екенін атап өтті.

“Мәселен, ҚҚС мөлшерлемесінің өсуі мен салық төлеушілер санын көбейту экономикалық белсенділікке қалай әсер ететіні маңызды. Компаниялар өз шығындарын бағаларға қалай қосатыны және өз пайда маржасы есебінен қандай шешім қабылдайтыны назарда болуы керек. Осыған байланысты 2026 жылдың бірінші жартысында бұл фактор өте маңызды саналады. Оның алғашқы және кейінгі әсерлерін мұқият қадағалау қажет”, – дейді ол.

Сүлейменовтің сөзінше, инфляциялық динамика бағаны реттеу реформасын қайта бастауға және «Бәйтерек» ИБХ инвестициялық бағдарламасына байланысты. Себебі холдингі кәсіпкерлерге 8 трлн теңгені несие ретінде бергелі отыр. Сонымен қатар, тұрғын үй коммуналдық қызмет пен жанар-жағармай саласындағы реформалардың қайта қайта іске қосылатынын бақылау керек деп есептейді ҰБ.

“Бәйтерек бағдарламасының бағыты бойынша Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп квазифискалдық ынталандырудың инфляцияға әсерін барынша азайтуға тырысады. Оның үстіне макроэкономикалық балансты сақтау үшін квазифискалдық ынталандыруды пайдаланудың келісілген тәсілдерін ойлап шығарады”, – дейді ол.

Back to top button