Әлемдегі мұнай нарығы кейінгі он жылда миллиондаған тонна көлеммен емес, технология, басқару және геосаяси ықпал арқылы өзгере бастады. Венесуэла мысалы – жер қойнауындағы байлықтың өзі экономикалық өсім мен қуатқа автоматты түрде айналмайтынын дәлелдеген айқын кейс. Бұл жағдай «қара алтынның» табысына қарап отырған Қазақстан үшін стратегиялық сигналға айналды.
ЛОГИСТИКА МЕН САПА ФАКТОРЫ
Николас Мадуро ұсталғаннан кейін Венесуэла мұнайының өндірісі мен экспорты АҚШ ықпалына нақты түрде өтсе, бұл өзгеріс әлемдік мұнай теңгеріміне жаңа фактор болып қосылады. Біріншіден, мәселе мұнай қорының көлемінде емес, оны нарыққа тиімді, үздіксіз және арзан жеткізе алу қабілетінде екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. АҚШ Венесуэладағы ауыр мұнайды толық игере алған күннің өзінде, оны «стратегиялық қажеттілік» емес, нарықты реттеудің қосымша құралы ретінде пайдалануы мүмкін.
Қазақстан үшін бұл сценарийдің тікелей әсері баға динамикасынан басталады. Егер АҚШ технологиясы мен капиталы Венесуэлада өндірісті біртіндеп қалпына келтірсе, нарықта ауыр мұнай сегментінде ұсыныс өседі. Бұл Brent маркасы бағасына қысым жасауы ықтимал, ал Қазақстан экспорттайтын мұнайдың негізгі бөлігі осы маркаға байланған. Баға ұзақ мерзімде түсе берсе, аталған фактор республикалық бюджетке, Ұлттық қорға түсетін кірістерді қысқартуы мүмкін.
Екіншіден, АҚШ-тың энергетикалық дербестігі одан әрі күшейеді. Венесуэла мұнайы АҚШ бақылауында болса, Вашингтонның Таяу Шығыс пен посткеңестік кеңістікке энергетикалық тәуелділігі одан сайын азаяды. Бұл геосаяси тұрғыда Ресейдің де, ОПЕК+ форматының да ықпалын әлсіретеді. Ал Қазақстан үшін ОПЕК+ шеңберіндегі келісімдер бұрынғыдай бағаны ұстап тұратын негізгі құрал болудан қала бастайды.
Ресей мұнай нарығындағы өзгерістер Қазақстан экономикасына жанама түрде болса да, елеулі әсер етеді. Ресейге қысым күшейген сайын, оның мұнайы Азия нарықтарына үлкен дисконтпен бағытталады. Бұл Қытай мен Үндістан сияқты негізгі тұтынушылар үшін баламалы, арзан ресурс ұсынады. Ізінше Қазақстан мұнайы осы нарықтарда бәсекелестік қысымға тап болады, әсіресе логистика мен сапа факторлары шешуші рөл ойнайды.
ТРАНЗИТКЕ ТӘУЕЛДІЛІК
Тағы бір маңызды аспект – транзиттік тәуелділік. Қазақстан мұнайының басым бөлігі Ресей аумағы арқылы экспортталады. Ресейдің мұнай кірісі қысқарса немесе оның нарықтағы позициясы әлсіресе, Ресейдің транзит саясаты да қатаң әрі прагматикалық сипат алуы мүмкін. Бұл Қазақстан үшін экспорттық маршруттарды әртараптандыру мәселесін бұрынғыдан да өзекті ете түседі.
Венесуэла мысалы Қазақстанға стратегиялық сабақ болуы тиіс. Қағаз жүзіндегі алып қорлар экономикалық қауіпсіздікке кепіл емес. Қазақстанда да мұнай мен газ қоры бар, бірақ басты мәселе – осы ресурстарды өңдеу, қосылған құн тізбегін кеңейту және технологиялық тәуелсіздікке ұмтылу.
Энергетика сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың мәліметінше, қағаз жүзінде Венесуэла әлемдегі мұнай қорының шамамен 20% иелік етеді. Онда АҚШ-пен салыстырғанда төрт есе көп мұнай бар, тіпті Сауд Арабиясынан да алда. Бұл – нағыз алып мұнайшы мемлекет. Алайда шынайы өмірде бұл «алып» әлемдік мұнай өндірісінің 1%-ына да жетпейтін көлемін ғана өндіреді. Өндіріс көлемі АҚШ деңгейінің небәрі шамамен 5%-ын құрайды, ал Сауд Арабиясының деңгейімен салыстырғанда шамамен 10% ғана. Осы алшақтық геологияның тағдыр сыйы емес екенін айқын дәлелдейді. Жер қойнауында мұнайдың болуы оның құбыр арқылы нарыққа шығуын, яғни нақты қор мен өндіріс көлеміне айналды дегенді білдірмейді.
Егер Қазақстан мұнай саясатын тек экспорт көлемін арттырумен шектей берсе, сыртқы ойыншылардың шешімдеріне тәуелді бола түседі. Ал егер мемлекет мұнай-химия, газ өңдеу, ішкі нарықты дамыту және энергетикалық тиімділік бағытын жүйелі түрде қолға алса, сыртқы шоктардың әсері әлдеқайда жұмсарады. Бұл ретте Венесуэла тағдыры – болашаққа арналған ескерту.
Қорытындылай айтқанда, Венесуэла мұнайының АҚШ бақылауына өтуі Қазақстан үшін тікелей қауіптен гөрі стратегиялық сигнал. Бұл сигнал әлемдік мұнай нарығында «қордың көптігі» емес, «технология мен басқарудың сапасы» үстем екенін көрсетеді. Қазақстан осы шындықты дер кезінде ескеріп, мұнайға тәуелді экономикалық модельден біртіндеп арылмаса, сыртқы геосаяси өзгерістер елдің қаржылық тұрақтылығына ауыр салмақ салуы мүмкін.
МАДУРО МЕН ӘЙЕЛІНІҢ ҰСТАЛУЫ
АҚШ әскері Каракасқа соққы жасағаннан кейін Дональд Трамп Венесуэла билеушісі Николас Мадуро мен жұбайы Силия Флоресті «Дельта» арнайы жасағы ұстап әкеткенін мәлімдеді. Венесуэлада төтенше жағдай режимі жарияланды.

АҚШ билігі Мадуроға «наркотерроризм», кокаин контрабандасы және қару сақтауы бойынша ресми айыптар тақты. АҚШ Әділет министрлігінің мәлімдеуінше, Венесуэла президенті «кокаин есебінен қоректенген жемқорлықтың өршуіне өз пайдасы үшін — сондай-ақ билеуші режим өкілдері мен өз отбасы мүшелерінің мүддесі үшін жол берген».
Дональд Трамп әскери операциядан кейін қираған Венесуэланың энергетикалық инфрақұрылымын қалпына келтіруге америкалық мұнай компаниялары миллиардтаған доллар жұмсайтынын мәлімдеді.
«Біз әлемдегі ең ірі мұнай компанияларымызды тартамыз. Олар миллиардтаған доллар жұмсап, қираған инфрақұрылымды — мұнай инфрақұрылымын қалпына келтіреді және ел үшін табыс таба бастайды», — деді Трамп сенбі күні Флорида штатындағы Мара-Лаго резиденциясында өткен баспасөз мәслихатында.
Венесуэла әлемдегі ең көп дәлелденген шикі мұнай қорына ие мемлекет. Алайда ел мұнай өндіру саласында санкциялар, ескірген инфрақұрылым және басқарудың тиімсіздігі салдарынан елеулі қиындықтарға тап болып отыр.