ЕрекшеЭкономика

Стратегиялық активтерді Ресей мен Қытайдың ақшасына сатып алмау керек – экономист

«Қазақмыс» төңірегіндегі жаңалықтардан кейін экономист Расул Рысмамбетов қатаң ескерту жасады: айтуынша, бүгінде мәселе жай ғана корпоративтік мәмілелер немесе активтерді қайта бөлу туралы емес, тұтас аймақтардың болашағы мен елдің әлеуметтік тұрақтылығы жайында болып отыр. «Қармет», «Қазақмыс» және «Қазцинк» жағдайындағы басқарушылық қателіктің құны экономикалық тұрғыда да, әлеуметтік өлшемде де тым жоғары болуы мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Экономистің сөзінше, «Қармет», «Қазақмыс» және «Қазцинк» қызметі тікелей немесе жанама түрде 1 миллионға жуық адамның өміріне әсер етеді. Егер отбасылық жұмыспен қамту факторын ескерсек, бұл Қазақстан халқының шамамен 5%-ын құрайды. Бұл компаниялар тек ірі жұмыс берушілер ғана емес, сонымен қатар еліміздің 5-6 өңірі үшін бюджет құраушы кәсіпорындар саналады.

«Бұл ары-бері лақтыра салатын миллиард доллар емес және «брат, шеше салайық» дейтін формат емес. Бұл — Қазақстанның нақты индустриялық арқауы, дамудың немесе апаттың негізі», — деп атап өтті Рысмамбетов.

Экономист мынаған назар аударады: бұл активтерді басқарудағы табыстар мен қателіктердің әлеуметтік әсерін асыра бағалау мүмкін емес. Оның айтуынша, қазір таразы басында не өңірлердің дамуы, не халықтың жаппай көшуі, әлеуметтік шиеленіс пен тіпті наразылықтар орын алатын сценарийлер тұр.

«Бұл не өңірлердің бағы жанған өркендеу кезеңі болады, не карьерлік алып техникалармен Астанаға қарай бет алған ашынғандардың шеруіне айналады», — деп ескертеді ол.

Рысмамбетовтің пайымдауынша, аталған үш актив те қазір «мүшкіл» халде: олар түбегейлі құрылымдық өзгерістерді, орасан зор инвестиция мен білікті басқаруды қажет етеді. Таяу уақытта бұл нысандардан жылдам пайда табу мүмкін емес.

«Қазір бұл активтер қаржыны аяусыз “жұтып” жатқан кезеңде тұр. Қайта құрылымдауға, экологиялық жобалар мен технологияларды жаңғыртуға кемі 2-3 жыл уақыт керек», — дейді экономист.

Ең өзекті мәселе — сатып алуға қажетті қаражат көзі. Сарапшының айтуынша, Қазақстан компанияларының көбінде мұндай меншікті капитал жоқ. Сондықтан мемлекет қазынасына қол салу немесе шетелден қарыз алу қаупі жоғары. Рысмамбетов бұл ретте саланың қыр-сырын білетін «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясының үнсіздігін түсініксіз әрі алаңдатарлық жағдай деп санайды. Ол Ресей мен Қытайдың бұл активтерге деген қызығушылығы өңірді дамытуға емес, тек шикізатқа қол жеткізуге бағытталғанын ашық айтты.

Экономист «ескі Қазақстаннан сатып алып, шетелдіктерге қайта саудалау» тәсілін стратегиялық қателік деп есептейді. Оның талабы: активтер отандық ойыншылардың бақылауында қалуы тиіс, ал қаржыландыру — РФ мен ҚХР-ға кіріптар болмай, синдикатталған қарыздар арқылы шешілуі керек.

Түйіндей келгенде, бұл мәселе барынша жариялылықты қажет етеді. Мұндай мемлекеттік маңызы бар шешімдер қауіпсіздік кеңесінде, парламентте және президент деңгейінде талқылануы тиіс. Өйткені, қателік жіберудің құны – алдағы бір жарым жылдағы елдің әлеуметтік тыныштығы.

Back to top button