ЕрекшеОқиға

“Кешке мейрамханада жүрген”: Сот Нұрасыл Болаттың жазасын жеңілдету туралы өтінішін қанағаттандырмады

Мұның алдында пробациялық бақылау талаптарын жүйелі түрде бұзғаны үшін Нұрасыл Болаттың бостандығын шектеу жазасы – бас бостандығынан айыруға ауыстырылған еді, деп хабарлайды Tizgin.kz BES.media-ға сілтеме жасап.

ОҚИҒА ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ

2025 жылғы 4 қыркүйекте Алматы облысының Алатау қалалық соты Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы, сотталған Нұрасыл Болаттың жазасының өтелмеген бөлігін жеңіл түрге ауыстыру жөніндегі өтінішін қарады. Нәтижесінде оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

ІСТІҢ МӘН-ЖАЙЫ

2024 жылғы 22 қазанда Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының қаулысымен Нұрасыл Болатқа қатысты 1 жыл 5 ай 10 күнге созылған бостандығын шектеу жазасы орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзету мекемесінде бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылған.

Мұндай шешімге сотталушының пробациялық бақылау талаптарын бірнеше рет бұзуы себеп болған. Сот мәліметіне сәйкес:

  1. 2024 жылғы 14 тамызда түнгі сағат 03:00-де қоғамдық орында жүрген;
  2. 11 қазанда кешке мейрамханада болған;
  3. 12 қазанда түнгі ойын-сауық орнынан байқалған.

Нұрасыл Болат бұл талаптармен алдын ала таныс болған, оған ереже бұзудың салдары ескертілген. Соған қарамастан, ол тәртіп бұзуды жалғастырған.

ТАРАПТАРДЫҢ ҰСТАНЫМЫ

Соттың хабарлауынша, Нұрасыл Болат соттан жазасын жеңілдетуді сұраған. Прокурор оның өтінішін ішінара қанағаттандырып, жазаны қайтадан бостандығын шектеу жазасына ауыстыруды ұсынған.

Жәбірленуші Олег Чернов сотталушыны қолдады, ал Анна Чернова тек ішінара қолдауға келісім берген.

СОТ ШЕШІМІ ҚАНДАЙ

Сот істе Нұрасыл Болаттың түзелуге бет алғанын немесе мінез-құлқында оң өзгерістер барын дәлелдейтін ешқандай негіз көрмеген.

Ол өзінің түзелгенін дәлелдей алмады. Сондықтан жазаны өтеу жалғасуы тиіс, – делінген шешімде.

Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Back to top button