Ерекше

Сот Bek Air әуе компаниясының мүлкін бұғаттады

Алматыдағы Түрксіб аудандық сотында 2019 жылдың желтоқсан айының соңында болған Bek Air ұшағы апатына байланысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.

ӨТІНІШ ІШІНАРА ҚАНАҒАТТАНДЫРЫЛДЫ

Оқиға Алматы әуежайында болған еді. Апаттан бері алты жылға жуық уақыт өтсе де, сот залында айыпталушылар жоқ. Қылмыстық іс бойынша күдіктілер деп танылған ұшқыштар – Миржан Молдақұлов пен Марат Мұратбаев сондағы апат кезінде қаза тапқан болатын.

30 қазандағы сот отырысында прокурор «Bek Air» АҚ мен компания басшысы Нұрлан Жұмасұлтановтың мүлкіне тыйым салу туралы өтініш түсірді. Бұл шара – апаттан зардап шеккендердің азаматтық талап-арыздарын қамтамасыз ету мақсатында сұралған.

Судья Дастан Алмағамбетов прокурор өтінішін ішінара қанағаттандырды.

«Прокурордың „Bek Air“ АҚ мен Нұрлан Жұмасұлтановқа тиесілі мүлікке тыйым салу жөніндегі өтініші ішінара қанағаттандырылды. Жұмасұлтановтың жеке мүлкіне тыйым салуға сот негіз таппады, ал „Bek Air“ компаниясының мүлкіне қатысты өтініш қанағаттандырылды. Азаматтық талап арыз берілген жағдайда, сот оның орындалуын қамтамасыз ету шараларын қабылдауға міндетті. Зардап шеккендер Bek Air АҚ-на азаматтық талап арызданған. Іс материалдарында әуе кемесіне тыйым салынғанымен, қойылған талап арыздың сомасы ұшақтардың бағасынан әлдеқайда асып кетеді. Әр ұшақтың құны шамамен 46 млн теңге болса, талап арыздың жалпы сомасы шамамен 4 млрд теңге деп көрсетілген», — деді судья.

ЗАҢСЫЗ САЛЫНҒАН ҮЙДІҢ ЗАРДАБЫ

Осыған байланысты сот Bek Air компаниясына тиесілі жеті ұшақтың, олардың қозғалтқыштарының және төрт контейнердің барлығына тыйым салу туралы шешім қабылдады.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы – Нұр-Сұлтан бағыты бойынша ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясының ұшағы ұшу кезінде биіктікті жоғалтып, бетон қоршауды бұзып өтіп, екі қабатты ғимаратқа соғылған. Апат салдарынан 12 адам ажал құшып, 69 адам жарақат алған.

2021 жылы Алматы облысының Талғар аудандық соты әуе апаты болған аумаққа жақын жерлерді заңсыз сатуға қатысы бар бірқатар бұрынғы шенеунік пен риэлторды кінәлі деп танып, үкім шығарған еді. Сарапшылардың айтуынша, ұшақтың жолында заңсыз салынған тұрғын үй болмағанда, адам шығынын тіркелмей мүмкін еді.

Back to top button