ЕрекшеЖаңалықтар

Сот адвокат Досқараевтың үстінен қозғалған істі тоқтатты

Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты полиция «жалған ақпаратты жариялап, тарату» бабымен іске тартылған адвокат Мейіржан Досқараевқа қатысты істі тоқтатты, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.

«Сот әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты істі тоқтатты», — деп бейсенбі күні судья қаулыны жариялады.

Бұған дейін адвокат Мейіржан Досқараев бұл істі саяси астары бар деп бағалайтынын айтқан. Ол қамауда отырған супермарафоншы Марат Жыланбаевтың адвокаты. Сотта ол полиция тіпті көрсетілген видеоны кім және қалай жариялағанын анықтамағанын, сондай-ақ оның бұл жарияланымға қатысы бар-жоғын да тексермегенін мәлімдеді.

Іс сотқа полицей жасаған хаттама бойынша түскен. Хаттамада Досқараев «жалған ақпаратты жариялап, таратты» деп көрсетілген. Полиция баянатында әлеуметтік желілерге, нақтырақ айтқанда Telegram-арнаға мониториң жүргізу барысында адвокат Досқараевтың видеосы жарияланғаны жазылған. Онда ол Ж. уақытша ұстау изоляторында адам төзгісіз жағдайда отырғанын, кейін тамырын кескенін айтқан. Полицей бұл ақпаратты шындыққа жанаспайды деп көрсеткен.

Досқараевтың қорғаушылары әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты істі тоқтатуды сұрады. Досқараев пен оның адвокаттарының айтуынша, ол полиция көрсеткен Telegram-арнаға ештеңе жарияламаған әрі оны таратпаған. Сотта адвокаттар Досқараев мүлдем басқа жерде сөйлегенін, ал ол айтқан сөздердің бәрі шындық екенін мәлімдеді. Бұған дәлел ретінде сотта аталған белсендіден жауап алынды. Ол өзінің қамаудағы жағдайы, өзін-өзі жарақаттауы және өзге де жайттар туралы айтылған ақпаратты растады.

Еске салсақ, бұған дейін белсенді Назгүл Жүсіпова «полицейдің талабына бағынбады» деген айыппен 10 тәулікке қамауға алынған болатын. Оның алдында ол қамауда отырған супермарафоншы Марат Жыланбаевтың жағдайына назар аудартуға тырысқан.

Back to top button