Скляр утильалым неге алынбайтынын түсіндірді
11 желтоқсанда Ақорда кулуарда сөз алған ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр автокөлік өндірушілерге арналған утильалым – экологиялық заңнама мен дүниежүзілік сауда ұйымы талаптарында бекітілген қайтарымды төлем екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz Zakon.kz-ке сілтеме жасап.
ҮКІМЕТ ҰСТАНЫМЫ ҚАНДАЙ
Журналистер автокөлік өндірушілерінің утильалым төлеу тетігін түсініксіз деп санайтынын жеткізді. Себебі төлемдер «Жасыл Даму» компаниясына аударылып, кейін өндірушілерге кері қайтарылады. Осыған байланысты «утильалымның өндірушілерге не қажеті бар?» деген сұрақ туындайды. БАҚ өкілдері Үкіметтің бұл мәселеге қатысты нақты ұстанымын да сұрады.
«Оның жолы мынадай: өндіруші елге марш-комплект, яғни толық бөлшектелген автомобиль әкеледі. Мұнда құрастырып, дәнекерлеу, бояу жұмыстары жүргізіледі. Сол қосалқы бөлшектерді жеткізген кезде ол шартты түрде миллион теңгені “Жасыл Даму” шотына аударады. Ал автокөлікті құрастырып, сатуға шығарғаннан кейін сол миллион теңге оған кері қайтарылады. Кодексте бұл іс жүзінде төлемнің қайтарылуы ретінде көрсетілген. Экологиялық кодексте не себепті екені белгісіз, “автокөлік өндірушілерін ынталандыру” деп жазылыпты. Ал біздің машина жасау саласын қаралауға тырысатындар бұл сөзді “ынталандыру” емес, “субсидия” деп атап жүр. Бірақ бұл екеуінің де анықтамасына сәйкес келмейді, бұл – қаржының қайтарылуы», – деп түсіндірді Роман Скляр.
ТИІМДІ ШЕШІМІ БАР МА
Ол бұл талаптың экологиялық заңнама нормаларымен тікелей байланысты екенін атап өтті.
«Яғни бұл қаражат уақытша машина жасау кәсіпорындарының айналымынан шығып, аударылады. Кейін статистикаға қарағанда, “Жасыл Даму” утильалымнан қанша қаражат жинады деген сұрақ туындайды. Сол миллион теңге бірнеше рет айналымда жүруі мүмкін. Келесі көлікті әкелгенде – тағы сол миллион әрлі-берлі жұмсалады. Сөйтіп өте үлкен сандар пайда болады. Ал дайын импорттық автомобильді сатып алған автосалон сол миллионды бір рет төлейді – және ол сома “Жасыл Дамуда” қалады. Кейін көлікті сата береді», – деді Премьер-министрдің бірінші орынбасары.
Склярдың айтуынша, ең тиімді шешім сол, төлемді есепке алу механизмін енгізу қажет. Алайда қолданыстағы заңнама оған мүмкіндік бермейді.
«ДСҰ-ға қосылған кезде біз кедендік бажды 30 пайыздан 15 пайызға дейін төмендеттік, оның орнына утильалым енгізілді. Бірақ бұл төлем экологиялық мақсаттарға, тиісті шараларға жұмсалуы тиіс. Егер біз осы тура төлем нормасын алып тастасақ, халықаралық әріптестеріміздің алдында түсініксіз жағдай туындайды. Біз ДСҰ талаптарын бұзып жатқан секілді көрінеміз, шын мәнінде олай болмаса да», – деп толықтырды ол.