Шымкентте үш жасар бала 16 магнит жұтып қойған
Шымкент қаласында үш жасар бала қатты іш ауыруымен балалар клиникалық ауруханасына жеткізілді. Тексеру барысында дәрігерлер баланың құрсақ қуысынан жұтылып кеткен 16 магнитті анықтаған, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.
БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ НЕ ДЕЙДІ
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, баланың ойын барысында магниттерді жұтып қойғанын ата-анасы айтқан.
Тексеріс кезінде баланың іш тұсында айқын ауырсыну белгілері байқалған, – делінген ақпаратта.
Қабылдау бөлімінде балаға шұғыл түрде барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп, кейін хирургия бөліміне жатқызылды. Құрсақ қуысына жүргізілген рентгенологиялық зерттеу кезінде бөгде заттар анықталған.
БАЛАНЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛАЙ
«Қажетті медициналық тексерулерден кейін балаға шұғыл операция жасалды. Видеоэзофагогастроскопия барысында асқазан қуысынан диаметрі шамамен 0,5 сантиметр болатын 16 магнит табылды», — деп хабарлады ведомство өкілдері.
Бөгде заттар эндоскопиялық грассер көмегімен баланың ағзасынан толықтай алынды. Қазір баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр.