ЕрекшеЖаңалықтар

Шулы қылмыстардан кейін Шымкент полициясына жаңа бастық келді

Ішкі істер министрі Ержан Саденов Шымкент қаласының полиция департаментінде көшпелі кеңес өткізді. Кеңеске қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты, деп хабарлайды ІІМ.

“Ақталуға негіз жоқ” деген ішкі істер министрі Шымкент полициясын сол жиында қатаң сынға алған. Жиын барысында ІІМ басшысы жеке құрамға Шымкент қаласы полиция департаментінің жаңа басшысы Мұхтар Қожаевты таныстырған. 

Қожаев бұған дейін ІІМ тергеу департаментін басқарған. Полиция генерал-майорының басқарушылық және тергеу саласында мол тәжірибесі бар екені, тергеушіден бастап орталық аппарат департаментінің басшысына дейінгі қызмет жолынан өткені атап өтілді.

Министр департаменттің жаңа басшылығының алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап, мегаполистегі криминогендік жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр.

Министрдің Шымкент полициясын қатаң сынайтын жөні бар. Биыл қалада бүкіл елді дүр сілкіндірген екі үлкен қылмыс болды. Әуелі 21 жастағы бойжеткен Нұрай Серікбайды жас жігіт өлтіріп кетті. Күдікті бойжеткенді бір рет алып қашқан кезде “Нұрайдың ата-анасының арызын полиция қабылдамай қойған” деген ақпарат тараған еді.

Көп өтпей Шымкентте тапа-тал түсте бір топ жігіт көшеде төбелес шығарып, Василий Колесниковты соққыға жығып, көлігімен қала шетіне күштеп алып әкеткен. Сол күні кешке Колесниковтың көгерген, қол-аяғы сынған, әбден азапталған денесі аурухананың тұрағында табылды. Жұртшылық мұны тоқсаныншы жылдар қайта оралғандай ауыр қабылдады. Осы жайттардан кейін Шымкент полиция басқармасының бастығы қызметінен кеткен болатын.

Back to top button