ШҚО-да директордың орынбасары мен депутат 2 млрд теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдікке ілінді
Қаржылық мониторинг агенттігі осының ақ-қарасын анықтап жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ЗАРДАБЫ ХАЛЫҚҚА ТИІП ОТЫР
АФМ Channel ақпаратынша, қазір Қаржылық мониторинг агенттігі ШҚО бойынша департаменті «QazConstructions» ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде. Аталған серіктестік Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 7 ауданында 11 әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді.
Күдіктілердің қатарында – «QazConstructions» ЖШС-нің бұрынғы директорының орынбасары, Күршім ауданы мәслихатының депутаты бар. Аталған жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттырып, азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауға бағытталған болатын, – делінген ақпаратта.
Алайда қылмыстық әрекеттер салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген. Мәлім болғандай, жымқырылған қаржының жалпы көлемі 2 млрд теңгеден асады. Олар байланысы бар компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған.
ТЕРГЕУ ЖАЛҒАСУДА
Қылмыстық жолмен алынған табысқа Астанадағы қымбат санаттағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, «Lamborghini Urus», «Cadillac Escalade», «Mercedes» автокөліктері мен асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды, – делінген ақпаратта.
Осыған сәйкес екі күдіктіге қатысты екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеу жалғасуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді, –деп қорытты ҚМА.