Ерекше

ШҚО-да ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деген мекеме басшылығы тергеліп жатыр

ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «Таза Өскемен» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшылығына қатысты тергеу жүргізуде, деп хабарлайды Tizgin.kz.

КҮДІККЕ ІЛІНГЕН ҮШЕУ

ҚМА ақпаратынша, олар қала көшелерін күтіп-ұстауға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тексерілуде. Күдіктілер арасында кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар.

Лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, күдіктілер 2022-2023 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен, жүйелі түрде бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар коммерциялық құрылымдардың есепшоттарына заңсыз аударып отырған, – делінген ведомствода.

Қылмыстық схеманың мәні сол, материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеу. Атап айтқанда, құжаттарда жолдарды жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған арнайы техника жалдау, сондай-ақ бұған дейін орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажетті материалдар сатып алу туралы жалған деректер көрсетілген.

ШЫҒЫН ҚАНША

Кейін бұл қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, схемаға қатысушылар арасында бөлінген. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асты. Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер Өскемен қаласындағы қымбат тұрғын үй кешенінен пәтер, «BMW X6M» және «Subaru Forester» автокөліктерін, сондай-ақ жер учаскелерін сатып алған. Аталған мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды, – деді ҚР ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.

Кәсіпорынның бұрынғы директорына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі шара қолданылды. Тергеу жалғасуда.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілуге жатпайды, – деді агенттіктегілер.

Back to top button