Шопандардың зейнет жасы төмендетілуі мүмкін – министрлік
Мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті дамыту жөніндегі кешенді жоспар жобасы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысында қаралды, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
МИНИСТРЛІК МӘЛІМЕТІ
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады. Соған сүйенсек, кешенді жоспар 2026-2030 жылдарға арналған.
Құжатта саланы білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған шаралар көзделген. Мал шаруашылығы өкілдеріне әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері қарастырылып отыр. Атап айтқанда, бақташылар мен шопандар үшін зейнет жасын төмендету, әскери қызметін өтеуді кейінге қалдыру, сондай-ақ балаларына білім беру гранттарын басым тәртіппен бөлу ұсынылады, — деп мәлімдеді Ауыл шаруашылығы министрлігінде.
МӘН-ЖАЙЫ
Бұған дейін хабарланғандай, 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығы саласындағы агробизнесті дамыту жөніндегі кешенді жоспар Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген. Құжат өндіріс көлемін ұлғайтуға, еңбек өнімділігін арттыруға және саланың экспорттық әлеуетін кеңейтуге бағытталған. Жоспарды қалыптастыруға Парламент депутаттары, облыс әкімдері орынбасарлары, ғылым өкілдері, қаржы секторы мен бизнес қауымдастығы, соның ішінде «Атамекен» ҰКП кірген салааралық жұмыс тобы қатысты.
Қорытындысында Қоғамдық кеңес мүшелері кешенді жоспар жобасын бірауыздан мақұлдады.