Қазақстан ресми дерек бойынша 2023 жылы сүт және сүт өнімдерін сырттан сатып алу үшін 406 млн доллар, ал 2024 жылы 410 млн доллар жұмсаған. Импорттың неге азаймай, отандық сүт және сүт өндірісінің неге кенже қалғанын Tizgin.kz тілшісі Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтан сұрады.
САПАРОВ НЕ ДЕЙДІ
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, 2023 жылы ведомство басшылығы жалпы мәселелерді шешуді өсімдік шаруашылығынан бастаған.
«Қиыншылықтар болды. Жеңілдетілген кредиттің де құны аз болды. Ал қазір өсімдік шаруашылығында бүкіл мәселелер шешілді. Бұрын ешқашан 700 млрд теңгеге дейін қаржыландыру болмаған. 2022 жылы қолдау 70 млрд теңге болса, қолдау 10 есе өсті», – дейді ол.
Айдарбек Сапаров малдың азығы да өсімдік шаруашылығына байланысты екенін атап өтті. Сөзінше, 2029 жылы елде 19 ғана заманға сай сүт-тауарлы ферма болған. Импорт сол себепті Қазақстанға көп кірген.
«Мал шаруашылығындағы мәселелерді бір-екі жылда шеше қоюға мүмкіндік жоқ. Президент Жолдауында осы саланы қолдау үшін қаржыландыру мәселесін шешуге тапсырма берді. Бүгінгі таңда 100-ден аса сүт-тауарлы ферма ашылды. Сүттің импортымен алғанда 800 млн тонна болса, қазір 600 млн тоннаға түсті. Былтырғы жылмен салыстырғанда. 2028 жылға қарай импорт тәуелділіктен кетеміз. Өйткені қазір Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша, 2,5 пайыздық несие беріліп, сүт-тауарлы фермалар салынып жатыр. Оның салынуына екі жыл уақыт кетеді. Содан кейін малды әкелеміз. Оның бұзаулағанына 9 ай уақыт кетеді. Жыл сайын малды ұстау шығыны бар. Мал азығын дайындауға бір жарым жыл керек», – дейді Сапаров.
Министр мал шаруашылығының айналымына бұған дейін несие берілмегенін айтады. Биылдан бастап бірінші рет беріліп отыр. Ендігі жылы шаруаларға 7-ден 10 жылға дейін субсидия беріледі. «Сонымен малдың да өнімі көбейеді» дейді ол.
ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІ ҚАЗАҚСТАН
Қазақстан 2023 жылы сүт және сүт өнімдерін сырттан сатып алу үшін ресми деректер бойынша, 406 миллион доллар жұмсаса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 410 миллион долларға дейін өсті. Импорт көлемі де артып, былтыр елге шамамен 183 мың тонна сүт және сүт өнімдері жеткізілген.
Сүт және сүт өнімдері Қазақстанға негізінен Ресей мен Беларусьтен көптеп әкелінеді. Бұл елдер ірімшік, сүт және крем өнімдері көптеп жеткізеді. Сонымен қатар Қырғызстан, Иран және Франция, Италия, Литвадан да белгілі бір үлес келеді. 2024 жылы әсіресе ірімшік жеткізілімі 47 мың тоннадан асып, құны 187 миллион доллардан асқан. Сүт пен крем өнімдері шамамен 35 мың тоннаға жетсе, йогурт, айран және басқа да қышқыл сүт өнімдері тұрақты көлемде әкелінеді. Сары май, құрғақ және қоюлатылған сүт сияқты тауарлар да сырттан келеді, кейбір позициялар бойынша жыл сайын аз да болса өсім байқалады.
Отандық өндірістің әлсіздігі бірнеше себепке байланысты. Ең бастысы – шикізат тапшылығы және оның сапасының төмендігі. Қазақстанда өндірілетін сүттің тек шамамен үштен бірі ғана өңдеуге жарамды, стандартқа сай. Елдегі негізгі өндірушілер – шағын жеке шаруашылықтар, олардың көпшілігінде заманға сай технология, гигиена мен сақтау талаптары толық орындалмайды. Үлкен өндірістік фермалардың аздығы мен кооперацияның жеткілікті дамымауы да өнімділікті шектеп отыр. Жем-шөп базасының әлсіздігі, әсіресе қыс мезгілінде қоректік азықтың жетіспеуі малдың сүт өнімділігін төмендетеді. Сонымен қатар логистика мен инфрақұрылым да үлкен мәселе: шалғай ауылдардан сүт жинау, оны салқын күйде сақтау және өңдеу кәсіпорындарына жеткізу жүйесі толық жолға қойылмаған.
Бәсекелестік те әсер етеді – Ресей мен Беларусьтің мемлекеттік қолдау арқылы арзандау өнім ұсынуы қазақстандық өндірушілерді қысымға алып отыр. Технологиялық тұрғыдан артта қалу, өндіріс шығындарының жоғары болуы да отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді. Осы факторлардың жиынтығы Қазақстанды сүт пен сүт өнімдерінің импортына тәуелді етіп отыр.