Шерзат Полат ісі бойынша куәгер болған әйелдер жазаға тартыла ма
Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша бірінші инстанция соты жекеше қаулы шығарды. Соған сәйкес куәгерлер Дана Жақсыгельді, Эльмира Нұрбекова, Арман Қазакенов пен Юлдаш Рузбакиевтің әрекеттерінен қылмыс белгілері байқалуы мүмкін екенін атап, бұл жайтқа прокурордың назарын аударған, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
ПРОКУРАТУРА НЕ ДЕЙДІ
Апелляциялық сот бірінші инстанцияның бұл қаулысын күшінде қалдырды, ал үкім заңды күшіне енді.
Осыған байланысты Kazinform агенттігі Алматы облысының прокуратурасына сауалхат жолдап, аталған сот қаулысы бойынша қандай шаралар қабылданғанын анықтауға тырысты.
Соттың жекеше қаулысы негізінде Д. Жақсыгельді, Э. Нұрбекова, А. Қазақенов және Ю. Рузбакиевтің әрекеттеріне қатысты материалдар Алматы облысы прокуратурасының ақпараттарды тіркеу кітабына енгізіліп, процессуалдық шешім қабылдау үшін Алматы облыстық полиция департаментіне жолданды, – делінген облыс прокурорының орынбасары Абылайхан Оңдасынның ресми жауабында.
МӘН-ЖАЙЫ
Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанға қараған түні Талғар қаласындағы дүкендердің бірінің маңында жастар арасында жанжал туындап, салдарынан 16 жастағы Шерзат Болат пышақ жарақатынан көз жұмған еді. Тағы екі адам ауыр жарақат алған.
Бұдан бөлек, 2024 жылы 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Азат ауылында Шерзат Полаттың отбасы тұратын үй өртенді. Бұл оқиға бойынша полиция «бөтеннің мүлкін қасақана жою» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Ал 2024 жылғы 9 желтоқсанда Талғар қаласының шетінен Шерзат Полаттың нағашы ағасының денесі табылды.
2025 жылғы 5 маусымда сот бұл атышулы іс бойынша айыпталушыларға қатысты үкім шығарды.
Айта кетейік, бұған дейін Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты іс тоқтатылған болатын.