ЕрекшеСпорт

Шавкат қазір бабында ма – бапкері алдағы жекпе-жек туралы ақпаратпен бөлісті

UFC-де өнер көрсетіп жүрген қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновтың жаттықтырушысы Эдуард Базров спортшының келесі жекпе-жекке дайындалуы үшін қанша уақыт қажет екенін айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

БАПКЕР НЕ ДЕЙДІ

Базровтың сөзінше, жекпе-жекке толыққанды әзірлік жүргізу үшін 2,5-3 ай қажет.

Шавкат қазір де алаңсыз дайындалып жүр, залда. Жекпе-жек өтетін мерзімге елеңдеп, жатпай-тұрмай жаттығуда. Үйде жүріп жаттығу бір бөлек, оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, нақты қарсыласқа дайындалу мүлде басқа. Бір ай немесе бір жарым ай бізге жеткіліксіз. Кемінде екі жарым ай қажет, – деді Базров Betonmobile-ге берген сұхбатында.

“МАХАЧЕВ ТЕ, УСМАН ДА МЫҚТЫ”

Осыған ой жүгіртсек, Рахмонов жоқ дегенде сәуірде октагонға оралады. Сондай-ақ бапкердің айтуынша, әзірге UFC басшылығынан Шавкат Рахмоновқа қатысты нақты жекпе-жек немесе қарсылас жөнінде ұсыныс түспеген.

Жалпы алғанда, 77 келі салмақта рейтингтің екінші сатысында тұрсаң, кіммен жұдырықтасатыныңның аса айырмашылығы жоқ. Ислам Махачев та, Камару Усман да қауіпті. Иэн Гэрри мықты, Карлос Пратес пен Джек Делла Маддалена да осал емес. Кімді ұсынса, сонымен төбелесу керек және сол қарсыластың стиліне сай дайындалу қажет. Қазір Шавкаттың келесі қарсыласы мен жекпе-жегіне қатысты ешқандай ұсыныс жоқ, – деді Эдуард Базров.

Еске салайық, Шавкат Рахмонов UFC-дегі соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсан айында өткізген. Ол кезде қазақстандық спортшы ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңген еді.

Back to top button