Шалғай ауылдарға интернет қашан жетеді
Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун интернетке қол жеткізуі қиын елдімекендер бойынша атқарылар жұмыс барысы туралы айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
ҚАНША АУЫЛДА ИНТЕРНЕТ БАР
Вице-министрдің сөзінше, республикада 6 мың елдімекен бар, олар интернетке қол жеткізу қиын деп белгіленген.
– Бүгінгі таңда 2,5 мыңнан астамы интернетпен қамтамасыз етілген. «Қазақтелеком» компаниясымен қол қойылған келісімнің нәтижесінде біз екі жыл бойы барлық қалған ауылдарды қосып, жетуі қиын ауылдарды қамтудың 90%-дан астамына қол жеткізуге тиіспіз. Сондай-ақ Starlink және OneWeb спутниктері арқылы ауылдарды интернетке қосу жұмыстары жүргізілуде, – деді Дмитрий Мун.
ӘКІМДЕР ДЕ ӘРЕКЕТ ЕТУЛЕРІ КЕРЕК
«Қазақтелеком» компаниясының басқарма төрағасының міндетін атқарушы Абылайхан Оспанов жаңа жобаның іске қосылуы туралы айтып берді.
– Біз «Ауыл online» жобасын әзірледік және 3 мың ауылды жоғары жылдамдықты интернетке қосу бойынша міндеттемелер жүктелді. Осы жұмыстың нәтижесінде бөлінген елді мекендерде байланыс сапасын жақсарту көзделген, – деді Абылайхан Оспанов.
Оның айтуынша, жақын арада компанияның сайтында осы елдімекендердің тізімі орналастырылады. Бұл жұмыстарды тиімді жүргізу үшін облыстың әр әкімімен меморандумдарға қол қойылады.
Мәлім болғандай, бұл олардың осы жобаны жүзеге асыруға жәрдемдесуі үшін жасалады. Өйткені көптеген мәселелер жергілікті атқарушы органдарға байланысты, мысалы кабельді басқаруға, антеннаны орнатуға рұқсат беру және тағы басқалар.