Ерекше

“Шахтер” клубы неліктен сатылымға шығарылғалы жатыр

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Шахтер» футбол клубының сатылымға шығарылатынын және оның бағасы 50 миллион теңгеден сәл асатынын айтты, деп хабарлайды Tizgin.kz kz.kursiv.media-ға сілтеме жасап.

КЛУБТЫ КІМ САТЫП АЛУЫ МҮМКІН

Әкімнің айтуынша, клубтың мұншалық арзан бағалануының себебі – оның өз инфрақұрылымының болмауы.

“Шахтер” клубын шамамен 50 миллион теңгеге аукционға шығарып отырмыз. Онда қазір түк жоқ, қалғаны – қағаз бен қалам ғана. Барлық инфрақұрылым коммуналдық меншікте», – деді Бөлекпаев.

Бөлекпаевтың айтуынша, клубты сату 26-27 қарашада өтетін ашық тендер арқылы жүзеге асады. Әкімнің сөзінше, әлеуетті сатып алушы ретінде кәсіпкер Тимур Турловтың есімі аталып отыр.

«Иә, ол клубты сатып алуға ниетті. Бірақ тендер ашық өтеді. Егер басқа инвестор келсе, қарсы емеспіз. Керісінше, мұндай бастаманы қолдаймыз», – деді облыс әкімі.

“ШАХТЕРДІҢ “ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ

«Шахтер» Қазақстандағы ең көне футбол клубтарының бірі. Ол Қарағанды облысының әкімдігіне, дәлірек айтқанда Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарайды. БАҚ мәліметінше, клубтың баланстық құны – 64 миллион теңге.

Клубтың өз жаттығу базасы да, стадионы да жоқ. Тек бірнеше автобус, жеңіл автокөлік және істен шыққан LED-экран ғана иелігінде.

2025 жылдың қорытындысында клуб кірісі 1,48 миллиард теңгені көрсетсе, шығысы бұдан да көп болған. Биыл өңір бюджеті есебінен «Шахтерге» 2,2 миллиард теңге бөлінген.

Аталған брифингте Ермағанбет Бөлекпаев клубқа бұрын бағытталған бюджет ақшасының енді басқа әлеуметтік жобаларға жұмсалатынын да айтты.

Back to top button