ЕрекшеЭкономика

Шағын бизнесті қолдайтын жаңа бағдарлама іске қосылады: шарттары қандай

Өңірлерде шағын бизнесті қолдауға жыл сайын 400 млрд теңге бөлінеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Үкімет отырысында ауылдар мен шағын қалалардағы өндірісті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын таныстырды.

«Бағдарлама ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайхана, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру сияқты тез нәтиже беретін, технологиялық жағынан қарапайым, жылдам жүзеге асырылатын жобаларға бағытталған», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.

ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ

Бағдарламада екінші деңгейлі банктер арқылы жыл сайын 400 млрд теңге несие бөлу қарастырылған. Несие бір жобаға 200 млн теңгеге дейін беріледі. Мөлшерлемесі: – 8,8% (40%-ы мемлекеттен субсидияланады). Мерзімі: 3 жылға дейін. «Даму» қоры кепілге қоятын заты жоқ немесе жеткіліксіз болған жағдайда қарыз сомасының 85%-ына дейін кепілдік береді.

Серік Жұманғариннің айтуынша, бизнес ақшаны ғана емес, нақты ресурстарды да ала алады, олар – жеңілдікпен үй-жайларды, жер телімдерін жалға алу және коммуникациялар жүргізу. Өндірісті тиімді іске қосу үшін сервистік сүйемелдеу және сол салаға бағытталған онлайн-оқыту курстары енгізіледі. Бұл ретте мемлекеттік қолдауды алуда басымдық «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» жобаларына қатысушыларға беріледі.

Айта кетерлігі, бағдарламаға қатысушылар микро- және шағын кәсіпкерлік субъектілері болады.

Бір жобаға кредиттің ең көп сомасы – 200 млн теңгеге дейін.

Субсидиялау – номиналды мөлшерлеменің 40%-ы.

Субсидиялау мерзімі – ұзартусыз 3 жылға дейін.

Есептеулерге сәйкес, бағдарламаны 2026-2028 жылдары іске асыру:

23 мыңға жуық жобаны қолдауға;

1,2 трлн теңге сомасына кредит беруді қамтамасыз етуге;

шамамен 127 млрд теңгеге бюджеттік қолдауға мүмкіндік береді.

Мультипликативті түрінде күтілетін әсер:

салық түсімдері – 157 млрд теңге;

өнім шығару – шамамен 1,4 трлн теңге;

шамамен 7 мың жаңа жұмыс орнын құру және шамамен 136 мың жұмыс орнын сақтап қалу.

ӨТІНІМДІ ҚАЛАЙ БЕРУГЕ БОЛАДЫ

Өтінімдерді беру egov.business және Damu Online порталдары арқылы автоматтандырылған түрде жүргізіледі. Шалғай аудандар үшін көшпелі формат қарастырылған: арнайы мобильді кеңселер (автобустар) жергілікті жерлерде кеңес беріп, құжаттарды қабылдайды.

БЕКТЕНОВ НЕ ДЕЙДІ

«Іскер аймақ» негізінен моно, шағын қалалардағы және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Қолдау шараларын іске асыру шағын бизнес субъектілеріне айналым қаражатын толықтырып, борыш жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Бірыңғай бағдарламаның жаңалықтары мен ережелерін бизнес субъектілеріне қарапайым тілмен түсіндіру тапсырмасын Бектенов Үкімет мүшелеріне тапсырып отыр.

Back to top button