ЕрекшеСараптама

«Серіктестер» көнбейді: Қазақстан ЕАЭО-да заңды табысынан қашанғы қағылады

Еуразиялық экономикалық одақта кедендік баждан түсетін табыс қайта бөлуге Қазақстанның сауда серіктестері көнбей отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.

 Еуразиялық экономикалық одақтағы кедендік баж салығынан түсетін түсімді бөлу мәселесі Қазақстан үшін өзекті. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін оның Батыс елдерімен экономикалық қатынастары көп үзілген. Ізінше, тауарлар логистикасы өзгеріп, бұрын Ресей арқылы келетін тауарлардың көбі қазір Қазақстан мен Қырғызстан арқылы одақ елдеріне жеткізілетін болған. Бұдан кейін одақта кедендік баж түсімін бөлу мәселесі қайта қаралуы керек еді.

 ҮКІМЕТ МҮШЕЛЕРІ «МҮМКІН ЕМЕС» ДЕЙДІ

Геосаяси конъюнктуралық өзгерістер уақытша емес, тұрақты сипат ала бастағандықтан, кедендік ба түсімін әділ бөлудің жаңа әрі нақты әдісі енгізілуі керек-тін. Бұл – экономикалық интеграцияның дұрыс екенін айқындап қана қоймай, Қазақстан сияқты серіктестердің заңды мүдделері ескерілетінін айқын көрсетер еді. Үлесті қайта қарау мәселесі алғаш 2022 жылы қаралған. Еуразиялық экономикалық коллегия төрағасы Бақытжан Сағынтаев мәселе одақ ішінде расында қаралғанын растайды. Бірақ Қазақстанның серіктестері бұған қарсы өре түрегелген. «Олар «болмайды, бұл уақытша болып жатқан дүние, кейін бәрі орнына түскен кезде қайтадан қалпына қайтып келеміз, сонда біз әр кезде ауысып жатамыз ба?” деді. Содан біздің сарапшылар, үкіметтегілер арасында пікірталас болған кезде “онда әдістемесін жасайық, әртүрлі жағдай болғанда әдістемеге сүйенейік” деді. Әлі айтыс болып жатыр» дейді Сағынтаев Ұлысмедиа порталына берген сұхбатында.

Қазақстан өз үлесін арттыруға күш салуға тырысқанын оның алдында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев те растаған еді. Оның сөзінше, Қазақстан өз үлесін 8,5 пайызға өсіруді көздеген. Алайда кейін премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «қазір консенсусқа жету өте қиын, мүмкін емес деуге болады» деп есептейді.

КІМ ҚАНША АЛЫП ОТЫР

2024 жылы кедендік баж түсімінен 15,2 млрд доллар пайда түскен. Егер осы табысты әр мемлекеттің алып отырған пайыздық үлесіне бөлсек, мынадай есеп шығады:

  • Қазақстан: 6,955% – $1,057 млрд;
  • Қырғызстан: 1,9% – $0,289 млрд;
  • Армения: 1,22% – $0,185 млрд;
  • Беларусь: 4,86% – $0,740 млрд;
  • Ресей: 85,065% – $12,918 млрд.

Сауда жолдары өзгерсе де, мұнда табыстың едәуір бөлігі Ресейдің қазынасына құйылып жатыр.

Бұған дейін Азаттыққа сұхбат берген сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, дәл қазір баж салығынан түскен табыстың өзгеріссіз қалуы Ресей мен Беларуське тиімді.

«Олар табысты заңсыз алып отыр деуге болады. Бірақ біздің келіссөздегі күштеріміз жетпей жатыр ма деймін. Үлкен комиссияда біздің дауысымыз бәсең. Санкциялардан кейінгі жағдай басқа. Бөлініс әділ емес. Біздің қазір ЕАЭО-дан алатын үлесіміз кемі 12 пайыз болуы керек», – дейді ол.

Back to top button