Сенат үш жылдық бюджет туралы заңды Мәжіліске қайтарып берді
Депутаттар заңға 76 түзету мен толықтыру енгізді, деп хабарлайды Tizgin.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Сенат депутаттары Қазақстанның 2026-2028 жылдарға арналған бюджет заңының кейбір баптарын мақұлдамады. Депутаттар заңның кейбір бабымен келіспей, оларға түзетулер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Солардың ішінде жылыту жүйелерін дамытуға 37,9 млрд теңге бөлу, оның ішінде 2026 жылға – 9,8 млрд теңге қажет екендігі айтылды. Одан бөлек,
- Жылу және электроэнергетиканы дамытуға – жалпы 7,7 млрд теңге, оның ішінде 2026 жылға – 4,7 млрд теңге;
- Су ресурстарына – жалпы 8,9 млрд теңге, оның ішінде 2026 жылға – 2,3 млрд теңге;
- Газ тасымалдау жүйесін дамытуға 2026 жылы – 5,5 млрд теңге;
- Қорғаныс жұмыстарын жүргізуге 2026 жылы – 2,2 млрд теңге;
- Өнеркәсіп салаларын дамытуға 2026 жылы – 1,5 млрд теңге.
«Заңды талқылау барысында тұрақты комитеттер мен депутаттардан оған түзету мен толықтыру енгізу туралы 77 ұсыныс түсті. Оның 76-сы қолдау тауып, салыстырмалы кестеге енгізілді. Қолдау тапқан ұсыныстардың жалпы сомасы үш жылға 91 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 2026 жылға – 50 млрд теңге. Шығыстардың өсуі үкіметтің резерві мен мемлекеттік қарызды өтеу есебінен жүргізілмек», – деп хабарлады сенатор Сұлтанбек Макежанов.
Сонымен қатар, сенат 2026-2028 жылдарға республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жалпы трансферттері көлемі туралы заңның кей баптарын да мақұлдамады. Депутаттар трансферттерді әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту үшін, басталған және жалғасып жатқан жобаларды аяқтау мақсатында 17,5 млрд теңгеге көбейтуді ұсынуда.
Дауыстар саналған соң сенат екі заңды да жаңа редакциямен Мәжіліске қайтарды.